Қысқа дайындық алдын ала жүргізілуде: Балқашта жылу желілері жаңартылып жатыр

Қысқа дайындық алдын ала жүргізілуде: Балқашта жылу желілері жаңартылып жатыр

Балқашта жаңа жылыту маусымына дайындық жұмыстары жалғасуда. Биыл қалада 10,3 шақырым жылу желісін жөндеу жоспарланған. Жұмыстар магистральдық, кварталішілік және аулалық желілер учаскелерінде жүргізілуде.

Бүгінде мамандар 6,1 шақырым жылу желісін жаңартып үлгерді. Қазір жөндеу жұмыстары Бөкейханов көшесіндегі №4 үй маңында, сондай-ақ Абай көшесінде, №2 үйдің аумағында жалғасып жатыр.

Бұдан бөлек, «Балқаш Жылу» компаниясының инвестициялық бағдарламасы аясында тағы 428 метр жылу желісі ауыстырылады. Жаңа құбырлар Сейфуллин көшесі, 21-үйдің аумағында, сондай-ақ Ағыбай батыр көшесіндегі №7 және №9 үйлердің маңында төселеді.

Сонымен қатар «Асхана» сорғы станциясын қайта жаңғырту және Желтоқсан көшесінде жаңа сорғы станциясын салу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Келесі кезеңде 2027 жылға жоспарланған Сәтпаев қайта айдау сорғы станциясын қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту бағдарламасына қатысу үшін қажетті құжаттар рәсімделуде.

Жылыту маусымына дайындық жұмыстары Балқашта ғана емес, Саяқ кентінде де жүргізілуде. Мұнда биыл 1,54 шақырым жылу желісін жөндеу жоспарланған.

Сонымен қатар кенттің жылумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту жобасы жаңа модульдік қазандық салуды қарастырады. Мамандар 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымында сенімді жұмыс істеуі үшін қолданыстағы модульдік қазандықтарды да алдағы қысқа дайындап жатыр.