
Саран қаласында жас кәсіпкерлердің бизнестегі алғашқы қадамдарын жасауына «Идеядан шындыққа» жобасы қолдау көрсетіп келеді. Жоба 2019 жылдан бері қала әкімінің сыйлығы аясында жүзеге асырылып, жастардың бастамаларын қолдауға бағытталған.
Осы уақыт ішінде 30-дан астам жобаға қолдау көрсетілді. Олардың көпшілігі бүгінде табысты жұмыс істеп, дамып, жаңа жұмыс орындарын ашып отыр.
Биыл жеңімпаз атанғандардың қатарында өндіріс, қоғамдық тамақтандыру, сұлулық индустриясы, спорт, тұрмыстық қызмет көрсету және экологиялық кәсіпкерлік салаларындағы түрлі бизнес-идеялардың авторлары бар.

Солардың бірі – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Чисто Бум» жобасы. Бұл – жүргізушілерге тәуліктің кез келген уақытында қажетті көлемде әйнек жуғыш сұйықтықты өздігінен сатып алуға мүмкіндік беретін автоматтандырылған сату нүктесі.

Жоба авторы Болат Ахметов бұл идеяның автотауарлар саласында көп жылдық тәжірибесінің нәтижесінде туғанын айтады.
— Жүргізушілерге әйнек жуғыш сұйықтықты канистрмен сатып алу қолайсыз екенін байқадым. Сондықтан заманауи әрі ыңғайлы шешім ұсынғым келді. Қала әкімінің сыйлығы туралы кәсіпкерлерге арналған ақпараттан білдім. Жобамды әзірлеп, бағымды сынап көруге шешім қабылдадым. Әрине, алғаш рет қатысқан соң толқыдым. Бірақ өз идеяма сендім. Оның қолдау тапқанына өте қуаныштымын. Мұндай көмек тек қаржылай қолдау ғана емес, сонымен қатар өз ісіңді дамытуға, жаңа идеяларды енгізуге және алға ұмтылуға зор ынталандыру береді, – дейді Болат Ахметов.

Бүгінде автомат жұмыс істеп тұр және Саран тұрғындары арасында сұранысқа ие. Кәсіпкердің айтуынша, тұтынушылар жаңа форматты қолайлылығы, жылдамдығы және қолжетімділігі үшін жоғары бағалайды. Алдағы уақытта осындай автоматтарды қаланың басқа аудандарына да орнатуды жоспарлап отыр.

Тағы бір табысты жоба – табиғи сүт өнімдерін өндіретін отбасылық экоферма. Барлығы шағын үй шаруашылығы мен үш сиырдан басталған. Гранттың арқасында отбасы тағы екі сиыр мен сауу аппаратын сатып алды. Бұл өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, күнделікті еңбекті едәуір жеңілдетті.

Қазір фермада сүт, қаймақ, сүзбе және сары май өндіріледі. Алдағы жоспарлардың бірі – ірімшік шығаруды бастау.
— Табиғи өнімдерге сұраныс әрдайым болады. Адамдар сапаны бағалайды. Қала әкімінің сыйлығы біздің отбасымыз үшін үлкен қолдау болды. Өз кәсібін ашуды армандап жүргендерге айтарым – қорықпаңыздар. Өз идеяларыңыз туралы айтып, мемлекет ұсынып отырған мүмкіндіктерді міндетті түрде пайдаланыңыздар, – дейді грант иегері София Билык.

Алдағы уақытта отбасы сүтті қайта өңдеу ісін жолға қойып, сүзбелі тұшпара, түрлі салмасы бар жұқа құймақтар және тәтті сүзбешелер шығаруды жоспарлап отыр.

Ол үшін ферма кеңейтіліп, жаңа жұмыс орындары ашылады. Болашақта өздерінің сауда павильонын ашу да көзделген.