
Индонезияда өткен жасөспірімдер (U19) мен жастар (U23) арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы сапында өнер көрсеткен Қарағанды облысының спортшылары алты медаль жеңіп алды. Оның төртеуі – алтын.
Азия чемпионаты Қазақстан әйелдер құрамасы үшін табысты болды. Жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрама 14 жүлдеге қол жеткізді: алты алтын, үш күміс және бес қола медаль иеленді. Бұл нәтиже қазақстандықтарға жалпыкомандалық медаль есебінде Өзбекстан құрамасынан кейінгі екінші орынды иеленуге мүмкіндік берді. Үздік үштікті Үндістан құрамасы түйіндеді.

Ұлттық құраманың жүлде қоржынына Қарағанды облысының былғары қолғап шеберлері қомақты үлес қосты. Олардың еншісінде төрт алтын, бір күміс және бір қола медаль бар.
U19 жас санатында 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Камила Оспанова Азия чемпионы атанды. Финалда ол әлем чемпионы, өзбекстандық Мафтуна Янгиеваны 3:2 есебімен жігерлі тартыста жеңді.
U19 санатындағы тағы бір алтын медальді 80 келіге дейінгі салмақта Айдана Убайдуллақызы жеңіп алды. Ол шешуші жекпе-жекте үндістандық Мегу Шеокандтан 3:2 есебімен басым түсті.
23 жасқа дейінгі спортшылар арасында 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Гүлназ Бөрібаева финалда моңғолиялық қарсыласын 5:0 есебімен сенімді жеңіп, Азия чемпионы атанды.
70 келіге дейінгі салмақта Азиза Исина да алтын жүлдеге қол жеткізді. Ол тартысты өткен финалда өзбекстандық Хуморабону Мамажонованы 3:2 есебімен жеңіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Анита Адишева күміс медаль жеңіп алса, 60 келіге дейінгі салмақта Ермек Аяжан қола жүлдеге ие болды.
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойынша