
Он екі жасар қарағандылық Альбина Қайырбекова шахматтан Орталық және Солтүстік Азия жасөспірімдер чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.
Ыстықкөл жағасында өткен халықаралық турнирге Қырғызстан, Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Ресейден келген 479 үздік жас шахматшы қатысты.
Бұл туралы Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы хабарлады.
Қатысушылар классикалық шахмат, рапид және блиц түрлері бойынша бақ сынады. Альбина Қайырбекова 14 жасқа дейінгі қыздар (G14 санаты) арасында блицтен үздік нәтиже көрсетіп, Орталық және Солтүстік Азия чемпионы атанды.
Қазақстандық шахматшылар халықаралық турнирде табысты өнер көрсетіп, жалпы саны 33 медаль жеңіп алды. Оның 13-і – алтын. Альбина да ұлттық құраманың жүлделер қоржынының толығуына өз үлесін қосты.
Қазақстан шахмат федерациясының мәліметінше, чемпионат қорытындылары еліміздің үздік жас шахматшыларын қолдау бағдарламасы аясында есепке алынады.
Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасында жас спортшыны жоғары жетістігімен құттықтап, халықаралық аренада жаңа жеңістер тіледі.