
Қарағанды облысының Абай ауданында Топар кенті мен Жартас ауылындағы екі табиғи бұлақтың маңы абаттандырылды.

Жұмыс барысында бұлақ айналасы тазартылып, су шығатын жерлері табиғи тастармен бекітілді. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдар салынып, демалатын орындықтар мен күркелер орнатылды. Сондай-ақ автотұрақ жасалып, айналасы көгалдандырылды.

Абаттандыру жұмыстарының нәтижесінде бұлақтар тұрғындар мен жол бойындағы жолаушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз болды. Сонымен қатар олардың табиғи қалпы сақталды.

Екі бұлақтың да суы зертханалық тексерістен өтіп, сапасы расталды.

Бұл жұмыстар ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған «Мөлдір бұлақ» республикалық экологиялық акциясы мен «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.

Қарабас кентінің әкімі Махсат Тәттімбетовтің айтуынша, республикалық тас жолдың бойында орналасқан «Сарышоқы» бұлағы көптен бері жөндеуді қажет етіп келген.
– «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында бұлақтың өзін де, айналасын да ретке келтірдік. Енді бұл жолмен өткен кез келген адам аялдап, демалып, таза әрі салқын су ала алады. Барша тұрғындарды осы жердің тазалығын сақтауға шақырамын, – деді Махсат Тәттімбетов.

Атқарылған жұмыстармен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев және ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев танысты.

Өңір басшысы экологиялық бастамаларға қолдау көрсетіп жүрген еріктілерге, қоғамдық ұйым өкілдеріне, жастар мен тұрғындарға алғыс айтты.

– Бұлақ – тек таза судың көзі ғана емес, табиғи мұрамыздың бір бөлігі. Оны сақтау – бүгінгі ұрпақтың да, келер ұрпақтың да алдындағы ортақ міндет. Табиғатты қорғау ісінде бәріміз бірлесе әрекет етуіміз керек, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Ал Талғат Момышев қазақтың «Бұлақ көрсең – көзін аш» деген нақылын еске алып, су көздерін күтіп-баптау – келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік екенін атап өтті.

Топар мен Жартастағы бұлақтарды жергілікті халық ертеден пайдаланып келеді.

Аңыз бойынша, Шерубай батыр заманында жолаушылар «Сарышоқы» бұлағына тоқтап, шөлін қандырған.

Бүгінде бұл бұлақ жаңартылып, табиғи маңызын сақтап қалды.

Топар кентінің тұрғыны Марат Құлжанбековтің айтуынша, ол осы бұлақтың суын көп жылдан бері пайдаланып келеді.
– Бұл бұлақтың суы өте таза. Біз оның сапасын өзіміз зертханаға тексерткенбіз. Қазір мұнда су алуға ыңғайлы жағдай жасалып, күрке, ақпараттық тақта орнатылып, айналасы абаттандырылды. Осы іске атсалысқан барша азаматтарға алғыс айтамын, – деді ол.

Сонымен қатар Ескі Тихоновка ауылындағы бұлақ та абаттандырылды.

Қарағанды облысында табиғи бұлақтарды ретке келтіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.
