Қарағанды облысының ветеринарлары кәсіби мерекеде марапатталды

Қарағанды облысының ветеринарлары кәсіби мерекеде марапатталды

Қазақстанда Ветеринария қызметкерлері күні биыл үшінші рет аталып өтуде. Кәсіби мереке қарсаңында Қарағанды облысында өңірдің эпизоотиялық ахуалының тұрақтылығын қамтамасыз етіп, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға үлес қосып жүрген сала мамандары құрметке бөленді. Үздік қызметкерлер мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды.

Ветеринария саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Руслан Кенжебеков құттықтады.

— Халық арасында «Мал аман болса, ас та мол болады» деген нақыл бар. Мал шаруашылығының өркендеуі – елдің денсаулығы мен әл-ауқатының негізі. Ал кез келген саланың ең басты байлығы – адам. Сіздердің еңбектеріңіз – жануарлардан жұғатын аурулардың алдын алып, халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған жауапты әрі абыройлы қызмет. Күнделікті табанды еңбектеріңіз, төзімділіктеріңіз бен жоғары кәсібиліктеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді ол.

Өңірде ветеринария қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жалғасуда. Соңғы үш жылда бес модульдік ветеринариялық пункт салынды. Ветеринариялық станцияларға 78 мамандандырылған автокөлік пен биологиялық препараттарды сақтауға арналған 60 тоңазытқыш берілді. Биыл тағы 70 жаңа ветеринариялық пунктті пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Мереке қарсаңында бірқатар сала мамандары мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды.

Қарқаралы ауданының Ынталы ауылының ветеринариялық дәрігері Сәуле Жидебаева «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

«Еңбек ардагері» медалі Бұқар жырау ауданы Ростов ауылдық округінің ветеринария маманы Қайрат Аршкеновке табысталды.

«Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен:

* Шахтинск қаласындағы Қарағанды облыстық ветеринариялық станциясы филиалының директоры Амангелді Байтасов;

* Нұра аудандық ветеринариялық станциясының Заречный ауылдық округі ветеринариялық пунктінің меңгерушісі Нұрбек Жармағанбетов;

* Шет аудандық ветеринариялық станциясының басшысы Жанболат Түсіпов;

* ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Нұра аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Анна Шестюк марапатталды.

— Еңбегімнің бағаланғаны мен үшін үлкен мәртебе. Өзім ауылда туып-өстім, жастайымнан малдың ортасында жүрдім. Үйімізде үлкен шаруашылық болды. Мектепті тәмамдаған соң ауыл шаруашылығы университетіне түсіп, ветеринар мамандығын игердім. Өмірімді осы салаға арнадым, міне, он жылдан бері Шет аудандық ветеринариялық станциясын басқарып келемін. Қарамағымда 110 қызметкер еңбек етеді. Қазір біздің қызметке ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы жылдары материалдық-техникалық база айтарлықтай нығайды, автопарк жаңартылды, жаңа ветеринариялық пункттер салынып жатыр, — дейді Жанболат Түсіпов.

Сонымен қатар ветеринария қызметінің бірқатар қызметкеріне Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табыс етілді.

Қазақстанда Ветеринария қызметкерлері күні жыл сайын 10 шілдеде атап өтіледі.