
Қарағанды облысының екі кәсіпорны өнім мен қызмет көрсету сапасы саласындағы жетістіктері үшін ТМД-ның халықаралық сыйлығының лауреаты атанды. Салтанатты марапаттау рәсімі Қырғызстанда Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі мемлекетаралық кеңестің отырысы аясында өтті.

Бұл туралы Өңірлік кәсіпкерлер палатасында хабарлады. Аталған халықаралық сыйлықтың лауреаты атағына мұнай-газ, тау-кен өндіру, металлургия және энергетика салаларындағы нысандарды диагностикалау және бақылау қызметіне маманданған «НПО Дефектоскопия» ЖШС ие болды. Ал «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында орналасқан және шарлы крандар шығаратын «Бёмер Арматура» ЖШС сыйлықтың дипломанты атанды.

Екі кәсіпорын да ұлттық іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, Қазақстанның атынан қатысты.

ТМД-ның халықаралық сыйлығы заманауи басқару әдістерін енгізіп, инновациялық технологияларды қолданатын әрі жоғары сапа стандарттарына сай өнім өндіретін кәсіпорындарға табысталады.