
Қарағанды облысының ауылдық елді мекендерінің тұрғындары қалаға бармай-ақ, өңірдегі жетекші клиникалардың дәрігерлерінен кеңес алу мүмкіндігіне ие. Телемедициналық желінің кеңеюі арқасында мамандандырылған медициналық көмек 200 мыңнан астам адам үшін қолжетімді болмақ.

Қарағанды облысында телемедицина бағытын дамыту жұмыстары жалғасуда. Сәтті жүзеге асқан пилоттық жобадан кейін онлайн-консультациялар жүйесі өңірдің барлық ауылдық аудандарына енгізілуде. Телемедициналық желіге фельдшерлік-акушерлік пункттерден бастап дәрігерлік амбулаторияларға дейінгі 117 медициналық ұйым қосылады.

Жобаның кеңеюі нәтижесінде шалғай ауылдардың тұрғындары облыстық клиникалық аурухана, кардиологиялық және кардиохирургиялық қызметтер шоғырланған №2 көпсалалы аурухана, Х. Ж. Мақажанов атындағы клиника, онкологиялық орталық болып табылатын №3 көпсалалы аурухана, сондай-ақ облыстық көпсалалы балалар ауруханасының мамандарымен кеңесе алады. Бұл пациенттерге облыс орталығына баруға уақыт пен қаражат жұмсамай-ақ, тұрғылықты жеріне жақын жерде мамандандырылған медициналық көмек алуға мүмкіндік береді.

Телемедицина жергілікті медицина қызметкерлері үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарының дәрігерлері күрделі клиникалық жағдайларды жүргізу кезінде облыстық деңгейдегі әріптестерімен жедел кеңесіп, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыра алады.

— Телемедицина ауыл тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмек көрсету мүмкіндігін айтарлықтай кеңейтеді. Бүгінде пациенттерге бейінді маманнан кеңес алу үшін жүздеген шақырым жол жүрудің қажеті жоқ. Сонымен қатар аудандық медициналық ұйымдардың дәрігерлері облыстық клиникалардың мамандарымен күрделі клиникалық жағдайларды нақты уақыт режимінде талқылай алатыны өте маңызды. Бұл шешімдерді жылдам қабылдауға және емдеу сапасын арттыруға мүмкіндік береді, — деді облыстық клиникалық аурухананың консультативтік-диагностикалық орталығының меңгерушісі Ляззат Шоланова.
Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша