Қарағандыда кардиологтардың тегін консультациясы өтеді

Қарағандыда кардиологтардың тегін консультациясы өтеді

Қарағанды тұрғындарын жүрек аритмиясының алдын алуға арналған Ашық есік күніне шақырады. Жүрекшелер фибрилляциясы бар пациенттерге тәжірибелі мамандар тегін қабылдау жүргізеді. Қабылдау 11 шілде күні сағат 09:00-ден 14:00-ге дейін №2 көпсалалы ауруханада (С. Сейфуллин көшесі, 11а) өтеді.

Кардиолог-аритмологтар жүрек ырғағының жағдайын бағалап, әрі қарайғы емдеу тактикасын анықтайды. Қажет болған жағдайда пациенттер жүрек ырғағының бұзылыстарын емдеудің заманауи жоғары технологиялық әдістеріне жолданады.

«Егер жүрек жұмысының іркілісі, жүректің жиі қағуы мазаласа немесе сізге бұрыннан «жүрекшелер фибрилляциясы» диагнозы қойылған болса, тегін консультациядан өтуге шақырамыз. Уақтылы диагностика ауыр асқынулардың қаупін азайтып, тиімді емдеу тәсілін таңдауға мүмкіндік береді», – дейді №2 көпсалалы ауруханасының мамандары.

Қабылдауға келгенде өзіңізбен бірге ЭКГ нәтижесін, Холтер мониторингісінің қорытындысын (бар болса), ЭхоКГ нәтижесін, қан мен зәрдің жалпы талдауларын, сондай-ақ қалқанша безі гормондарына қан талдауының нәтижесін ала келу ұсынылады.