
Қарағанды облысында газдандыру жобаларын іске асыру жалғасуда. 2026 жылы өңірде 150 шақырым газ тарату желісін салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мәлімдеді.

— 2026 жылы жалпы ұзындығы 150 шақырым газ тарату желісін салу жоспарланған. Оның ішінде 120 шақырымы Қарағанды қаласында, ал 30 шақырымы Ақтау және Ғ. Мұстафин кенттерінде жүргізіледі. Бұл газбен жабдықтау жүйесін одан әрі кеңейтуге және өңір тұрғындарының табиғи газға қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Өңір басшысы бүгінде Қарағанды облысында жалпы ұзындығы 647 шақырым газ тарату желісі салынғанын да айтты. Газбен жабдықтау жүйесіне 16 489 жеке тұрғын үй қосылған.

Бұл үйлерде шамамен 65 мың адам тұрады.

Теміртауда газдандыру жұмыстары толық аяқталды. Ал Қарағанды мен Шахтинск қалаларында құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасып жатыр.
