Бүгін Қазақстан Магниткасы өзінің 66 жылдығын атап өтуде. Дәл осыдан 66 жыл бұрын, 1960 жылғы 3 шілдеде сағат 15:07-де №1 домна пешінен алғашқы қазақстандық шойын алынды. Бұл тарихи сәт кейіннен ел өнеркәсібінің дамуына зор үлес қосқан Қарағанды металлургия зауытының, болашақ металлургия комбинатының тарихындағы жаңа кезеңнің бастауына айналды.

Теміртаудағы металлургия комбинатының тарихынан бірнеше қызықты деректі назарларыңызға ұсынамыз.
- Қазақстан Магниткасы бос жерден бой көтерген жоқ. Алғашқы қазақстандық болат Теміртауда 1944 жылы өндірілді. Ал арада 16 жыл өткен соң мұнда өз шойынын балқыту басталды.
- Зауыттың туған күні ғана емес, нақты туған уақыты да белгілі. Архив құжаттарында алғашқы шойынның 1960 жылғы 3 шілдеде дәл сағат 15:07-де алынғаны көрсетілген. Бұл күн Қазақстан Магниткасының ресми туған күні болып саналады.
- Тарихи балқытуды Вадим Романов басқарды, ал аға көрікші Ахат Нәбигулин болды. Сол тарихи оқиғаға мыңдаған құрылысшы мен металлург куә болды.
- Алғашқы домна пешіне БЛКЖО-ның 40 жылдығының құрметіне атау берілді. Оның көлемі 1513 текше метрді құрады. Жас Теміртауда металлургияны дамыту мақсатында құрылыс кәсіпорындары ашылып, ҚарМАЭС-1 де салынды.
- Домна пеші іске қосылғаннан кейін төрт айдың ішінде өндіріс қарқыны айтарлықтай артты. 1960 жылдың қараша айында тәулігіне төрт емес, жеті мәрте шойын шығарылатын болды. Алғашқы жылдың өзінде домнашылар жоспардан тыс 34,1 мың тонна металл өндірді. Қазақстандық шойын шетелде де жоғары бағаланып, алғашқы жылы-ақ өнімнің бір партиясы Германияға жөнелтілді.
- Алдымен зауыт бой көтерді, кейін толық циклді металлургия комбинатына айналды. Алғашқы шойын алынғаннан кейін кезең-кезеңімен кокс-химия, агломерация, болат балқыту және прокат өндірістері іске қосылды. Ал «1700» ыстықтай илемдеу станы пайдалануға берілгеннен кейін кәсіпорын толық өндірістік циклге ие металлургия комбинатына айналып, еліміздегі ең ірі өндіріс орындарының біріне айналды.

Qarmet компаниясы алғашқы қазақстандық шойынның алынғанына 66 жыл толуына орай кәсіпорынның ардагерлері мен қызметкерлерін құттықтап, олардың отандық металлургияның дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

«Осы жылдар ішінде комбинат үлкен даму жолынан өтті. Алайда өзгермеген басты құндылық – кәсібилігімен, адал еңбегімен және өз ісіне деген берілгендігімен қазақстандық металлургияның тарихын жазған адамдар. Бүгінде кәсіпорында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, жаңа өндірістік нысандар салынуда, заманауи технологиялар енгізілуде. Жаңғыртудың маңызды кезеңдерінің бірі ретінде комбинаттағы барлық домна пештері толықтай табиғи газға көшірілді. Бұл өндірістің тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Мұның бәрі №1 домна пешінен алғашқы шойын алынған тарихи күннен бастау алған даңқты жолдың заңды жалғасы», – деп атап өтті компания өкілдері.

Фото: Qarmet компаниясының архивінен және Қазақстан Магниткасы кәсіподағының кітабынан