
Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылған DOMBYRA UNITY халықаралық онлайн-челленджі әлемнің әртүрлі елдеріндегі қазақтың музыкалық өнерін сүйетін жандардың басын қосты.

Жоба алғашында Қарағанды облысының өнерпаздары мен домбыра өнеріне қызығушылық танытатын шетелдік орындаушылардың қатысуымен өтетін халықаралық шығармашылық акция ретінде жоспарланған болатын. Алайда челленджге деген қызығушылық ұйымдастырушылардың күткенінен де асып түсті. Бүгінде бастамаға Нидерланд, АҚШ, Бельгия, Швеция, Өзбекстан және басқа да елдерден қатысушылар қосылып үлгерді. Сонымен қатар әлемнің барлық дерлік құрлығынан жаңа өтінімдер келіп түсуі жалғасуда.
— Біз жобаның халықаралық деңгейде қолдау табатынына сенім арттық. Дегенмен оның географиясы осыншалықты кең болады деп күткен жоқпыз. Әсіресе Нидерланд, АҚШ, Бельгия және Швеция секілді шалғай мемлекеттердің тұрғындарының челленджге белсенді қатысуы ерекше қуантады. Қазіргі уақытта әлемнің түкпір-түкпірінен жаңа бейнежазбалар келіп түсіп жатыр. Бұл жобаның адамдардың жүрегінен орын тауып, үлкен қызығушылық тудырып отырғанын көрсетеді. Челлендж 5 шілдеге дейін жалғасады, — деді басқарма басшысының орынбасары Айжан Шәкенова.

Челлендж аясында қатысушылар домбырада қазақтың халық күйлерін орындап, Ұлттық домбыра күніне арналған бейнеқұттықтауларын жазып жолдайды. Барлық материалдар әлеуметтік желілерде #DombyraUnity2026 және #ДомбыраКүні2026 бірыңғай хэштегтерімен жарияланады.

Жобаның мақсаты – Қазақстанның ұлттық музыкалық мұрасын кеңінен насихаттау, әлем жұртшылығын күй өнерімен таныстыру, сондай-ақ әртүрлі елдердің тұрғындарын домбыра мен қазақ мәдениетіне деген сүйіспеншілік төңірегіне топтастыру.