Қарағанды облысында мүгедектігі бар адамдарды қолдаудың жаңа жүйесі сынақтан өткізілуде

Қарағанды облысында мүгедектігі бар адамдарды қолдаудың жаңа жүйесі сынақтан өткізілуде

Қарағанды облысы мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етуге арналған пилоттық жобаға қатысуда. Жаңа сервистік модель 1 шілдеден бастап іске қосылды. Оның басты артықшылығы – тұрақты сүйемелдеу жүйесінің енгізілуі. Егер мүгедектер арбасы сынып қалса, адам қажетті көмексіз қалмайды.

Пилоттық жобаның жұмыс тетігін түсіндіру үшін Қарағандыға Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының бас директоры Сырым Нәси келді.

Жаңа модельдің негізгі ерекшелігі – оңалтудың техникалық құралы істен шыққан жағдайда адамның қажетті құралсыз қалмауы. Өтініш түскеннен кейін мамандар құралды тексеріп, жөндеу жұмыстарын ұйымдастырады, ал қажет болған жағдайда айырбастау қорынан уақытша жарамды баламасын береді. Егер құралды қалпына келтіру мүмкін болмаса, азамат жаңа құралды белгіленген тәртіппен алғанға дейін уақытша берілген техникалық құралды пайдалана алады. Бұл ретте қолданыстағы қамтамасыз ету жүйесі өзгермейді және азаматтардың барлық құқықтары толық көлемде сақталады.

— Бұл пилоттық жоба Қазақстанның үш өңірінде – Қарағанды, Ақтөбе және Павлодар облыстарында іске асырылуда. Оның негізгі мақсаты – оңалтудың техникалық құралдарын жөндеу, қалпына келтіру және қайта пайдалану арқылы оларды қолданудың тиімді жүйесін қалыптастыру. Бұл мүгедектігі бар адамдарды қажетті оңалту құралдарымен уақытылы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Сырым Нәси.

Жоба аясында өңірлерде оңалтудың техникалық құралдарын қабылдау, сервистік қызмет көрсету, жөндеу және қайта пайдалану жүйесі енгізілуде. Оларға кресло-арбалар, жүріп-тұруға арналған құралдар, балдақтар және ерекше қажеттіліктері бар адамдардың еркін қозғалуына, өзіне-өзі қызмет көрсетуіне әрі қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік беретін басқа да арнайы құралдар жатады.

Қайтарылған барлық техникалық құралдар арнайы қабылдау пункттерінде қабылданып, санитарлық өңдеуден өткізіледі, жөнделеді, қауіпсіздігі тексеріледі және кейін қайтадан мұқтаж адамдарға беріледі. Бұл күту мерзімін қысқартуға, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және мемлекеттік әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Құралды беру, қайтару және жөндеу сияқты барлық кезеңдер цифрлық форматта сүйемелденеді.

Жоба аясында балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Егер оңалтудың техникалық құралы баланың бойына немесе физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес келмейтін болса, оны оңалту процесін үзбей мерзімінен бұрын ауыстыруға мүмкіндік беріледі. Алғашқы кезеңде жоба кресло-арбалар мен жүріп-тұруға арналған құралдарды қамтиды, кейін техникалық құралдардың тізімін кеңейту жоспарланып отыр. Пилоттық жобаға қатысу ерікті негізде жүзеге асырылады.

Қарағанды облысында оңалтудың техникалық құралдарын қабылдау, қайтару және сервистік қызмет көрсету орталығы Қарағанды қаласы, Роза Люксембург көшесі, 1а мекенжайында орналасқан. Қосымша ақпаратты өңір тұрғындары тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінен ала алады.