
Теміртауда пайдаланылған шиналар мен техникалық сұйықтықтарды жинау және қайта өңдеу жүйесі қарқынды түрде дамып жатыр. Басты мақсат – мұндай қалдықтардың ретсіз қоқыс үйінділеріне түсуіне жол бермей, оларды қайта өңдеу арқылы қоршаған ортаға түсетін салмақты азайту.

Бұл жұмыстар республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Игі бастамаға өнеркәсіп кәсіпорындары, автопарктер, техникалық қызмет көрсету станциялары және мамандандырылған ұйымдар белсенді түрде қатысуда.

Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Андрей Уманцевтің айтуынша, қалдықтарды жинау мен кәдеге жарату жүйесі жыл сайын кеңейіп, жаңа қатысушыларды қамтып келеді.
— Қаланың ірі және орта кәсіпорындары мамандандырылған кәдеге жарату ұйымдарымен келісімшарттар жасасқан. Бүгінде шина ауыстыру қызметін көрсететін 26 автосервистің 24-і пайдаланылған шиналарды қайта өңдеуге тапсыру бойынша шарт негізінде жұмыс істейді. Қозғалтқыш майларын қайта өңдеу бағытында да оң динамика байқалады, — деді ол.
Айта кету керек, бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін бюджет қаражаты жұмсалмайды. Қалдықтарды жинау және қайта өңдеуді жекеменшік кәсіпорындар өз күшімен жүргізуде.

Солардың бірі – «Спецпромдеталь» кәсіпорны. Компания экологиялық бағыттағы қызметін 2020 жылдан бастап дамытып келеді және бүгінде түрлі өндірістік әрі тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеумен айналысады.

Кәсіпорынның техникалық директоры Александр Бирюковтың сөзінше, пайдаланылған шиналарды кәдеге жарату мәселесі әлем елдері үшін өзектілігін жоғалтқан жоқ.
— Ескі шиналар қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтіреді. Сондықтан оларды қайта өңдеудің маңызы өте зор. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 3600 тоннаны құрайды. Біз жеңіл автокөліктердің шиналарынан бастап, ауыр және ірі габаритті техникалардың шиналарына дейін қабылдаймыз, — деді ол.
Шиналардың техникалық жағдайына қарай қайта өңдеудің екі әдісі қолданылады. Механикалық тәсіл арқылы шиналар резеңке үгіндісіне, металлға және тоқыма кордқа бөлінеді. Кейін бұл материалдар жол құрылысы саласында, спорттық және балалар алаңдарын абаттандыруда, сондай-ақ арнайы резеңке жабындар өндіруде пайдаланылады.
Ал шиналардың бір бөлігі пиролиз технологиясы арқылы өңделеді. Нәтижесінде техникалық көміртек, пиролиз отыны және металл қалдықтары алынады. Бұл өнімдер өнеркәсіптің әртүрлі салаларында кеңінен қолданыс табуда.

Осылайша, бұрын қоқысқа тасталатын ескі шиналар бүгінгі күні құнды қайталама шикізатқа айналып, жаңа мақсатта пайдаланылуда. Бұдан бөлек, кәсіпорын пайдаланылған мотор майларын, антифриздерді және түрлі ластанған материалдарды да әрі қарай қайта өңдеуге жолдайды.
Александр Бирюковтың айтуынша, соңғы жылдары тұрғындар мен кәсіпкерлердің экологиялық мәдениеті мен жауапкершілігі айтарлықтай артқан.
— Қайта өңдеу мәселесіне бейжай қарамайтын азаматтар мен ұйымдардың қатары көбейіп келеді. Олар пайдаланылған шиналарды қоқыс алаңдарына тастамай, арнайы қабылдау пункттеріне өткізуді жөн көреді, — деп атап өтті ол.
Теміртау қаласының әкімдігі қалдықтарды жинау және қайта өңдеу жүйесін одан әрі жетілдіруді көздеп отыр. Болашақта барлық кәсіпорындар мен ұйымдарды толық қамтып, пайдаланылған шиналар, мотор майлары және өзге де қалдықтардың барлығы қайта өңдеуге жіберіліп, экономикалық айналымға қайта қосылатын тиімді жүйе қалыптастыру жоспарланған.
Фото: Теміртау қаласының әкімдігі