
Фото: gov.kz
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) жүйесінде кадрлық өзгерістер болды. Ведомствоның мәліметінше, Президент Әкімшілігімен келісу арқылы еліміздің сегіз өңірінде жаңа басшылар тағайындалды. Солардың қатарында Қарағанды облысы да бар.

ҚМА ақпаратына сәйкес, Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің басшысы лауазымына полковник Дархан Ғалымтайұлы Құрақбаев тағайындалды.
Жаңа басшы – Қазақстан Республикасы Қаржы полициясы академиясының түлегі. Ол құқық қорғау органдарында 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп, қызметтік жолын анықтаушы және тергеуші лауазымдарынан бастап, басшылық қызметтерге дейінгі кәсіби жолдан өткен.
Бұған дейін Дархан Құрақбаев Павлодар облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) жетекшілік етті. 2023–2025 жылдары Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
Жаңа басшының негізгі міндеттерінің бірі – экономикалық құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл бағытындағы жұмысты одан әрі күшейту, сондай-ақ өңірдегі қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған шараларды жалғастыру.