Виктор Друзин мен Наргиза Болатова әлемнің үздік дуэттері қатарына енді

Виктор Друзин мен Наргиза Болатова әлемнің үздік дуэттері қатарына енді

Торонто қаласында өткен әртістік жүзуден Әлем кубогының суперфиналында Қарағанды облысының спортшылары Виктор Друзин мен Наргиза Болатова қола жүлдеге ие болды. Қазақстандық жұп аралас дуэттер арасында үздіктер қатарынан көрініп, халықаралық аренада тағы бір мәрте жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Суперфинал Әлем кубогы сериясының шешуші кезеңі саналады және мәртебесі жағынан әлем чемпионатымен тең дәрежеде бағаланады. Биылғы жарысқа Қытай, Жапония, Ұлыбритания, Италия, АҚШ және Қазақстанды қоса алғанда, 25-тен астам елден келген 160-қа жуық мықты спортшы қатысты. Олардың қатарында Олимпиада жүлдегерлері мен әлемдік рекорд иелері де болды.

Турнир бағдарламасына әртістік жүзудің барлық 11 дисциплинасы енгізілді. Спортшылар жеке бағдарламада, аралас дуэттерде, командалық және акробатикалық жаттығуларда бақ сынады.

Аралас дуэттердің еркін бағдарламасында Наргиза Болатова мен Виктор Друзин Ұлыбритания мен Чили құрамаларына ғана жол беріп, қола медаль жеңіп алды. Осылайша олар әлемдегі ең мықты дуэттердің бірі екенін тағы да дәлелдеді.

— Балалар ешкімнен именген жоқ. Өз міндеттерін жоғары деңгейде орындап шықты. Әрине, қарсыластар өте мықты болды. Бағдарлама техникалық жағынан да, көркемдік тұрғыдан да өте әсерлі шықты. Бапкер ретінде бұл нәтижеге қатты қуандым. Спортшылар өз биін толық сезініп, көрерменге жеткізе білді. Меніңше, дәл осы олардың табысқа жетуіне себеп болды, — деді спортшылардың жаттықтырушысы Елена Котова.

Бұл турнир Виктор Друзин үшін ерекше сәтке айналды. Ол жоғары шеберлігі мен төзімділігін көрсетіп, бірнеше бағдарламада бірден жүлдегер атанды.

Виктор ерлер арасындағы жеке еркін бағдарламада күміс медаль жеңіп алса, техникалық бағдарламада қола жүлдеге қол жеткізді.

— Осы жарыстың қорытындысы бойынша Виктор мен Наргизаның Азия ойындарына қатысатын ұлттық құрама сапына ену мүмкіндігі өте жоғары деп есептеймін. Қазір біз бұл жарысқа белсенді дайындалып жатырмыз. Сонымен қатар Викторды Азия чемпионаты мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты күтіп тұр. Сондықтан оған демалуға уақыт аз, — деп атап өтті Елена Котова.

Қазақстан құрамасының Азия ойындарына қатысатын түпкілікті құрамы шілде айында белгілі болады. Ал әзірге спортшылар беделді халықаралық жарыстарда өнер көрсетіп, рейтингтік ұпай жинауды жалғастыруда.