
Фото: ҰОК
Қарағандылық жеңіл атлет Кристина Овчинникова Нидерландта өткен беделді FBK Games 2026 халықаралық турнирінде қола жүлдеге ие болды. Биіктікке секіру сайысында ол 1,88 метр биіктікті бағындырып, үздіктер қатарынан көрінді.
FBK Games – жеңіл атлетикадан Дүниежүзілік континенттік турдың «Алтын сериясына» кіретін аса беделді жарыстардың бірі. Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл турнир әлемнің ең мықты спортшыларын бір алаңға жинайды. Биылғы додаға Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарының жүлдегерлерін қоса алғанда, Еуропа, Азия, Африка, Солтүстік және Оңтүстік Америка құрлықтарынан келген жүздеген атлет қатысты.
Биіктікке секіру секторында Кристина Овчинникова шеберлігі мен жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, жарыстың қола тұғырына көтерілді.
Жарыста жеңіс тұғырынан бірінші орын алған спортшы – әлемнің қазіргі рекордшысы, Украина өкілі Ярослава Магучих. Ол 1,94 метр нәтижеге қол жеткізді. Күміс жүлдені 1,91 метр биіктікті бағындырған Куба спортшысы Дакси Аделина Брисон иеленді.
Халықаралық турнирде Қазақстан атынан тағы бір биіктікке секіруші Елизавета Матвеева да өнер көрсетті. Ол 1,76 метр нәтижемен жарысты тоғызыншы орынмен аяқтады.
Енді Кристина Овчинникованы Қазақстан чемпионатына дайындық күтіп тұр. Осы дода қорытындысы бойынша спортшы алдағы Азия ойындарына дайындық кезеңіне және халықаралық жарыстардағы жаңа мақсаттарына ден қояды.