Қарағандыда жаңа зертханалық кешен ашылды

Қарағандыда жаңа зертханалық кешен ашылды

Қарағандыда бірнеше диагностикалық бағытты біріктірген «Олимп» зертханасының жаңа кешені жұмысын бастады. Бір алаңда биохимиялық, иммунологиялық, жалпы клиникалық және басқа да зерттеулер жүргізіледі.

Кешеннің жұмысымен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев танысты.

— Бұл кешенде зертханалық диагностиканың төрт бағыты біріктірілген: клиникалық, микробиологиялық, санитариялық-эпидемиологиялық және генетикалық зерттеулер, ал алдағы уақытта ветеринариялық зерттеулер де енгізіледі. Бүгінде Қазақстанда мұндай деңгейдегі интеграцияның баламасы жоқ. Автоматтандырылған трек жүйесі адами фактордың ықпалын барынша азайтып, зерттеулердің жоғары дәлдігі мен жылдамдығын қамтамасыз етеді, ал нәтижелер пациенттер мен дәрігерлерге жедел жеткізіледі. Әрбір модуль сағатына мыңнан астам тест орындауға қабілетті, бұл күту уақытын едәуір қысқартып, емдеу бойынша шешім қабылдау үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді, — деді «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханалар желісінің бас директоры Ерлан Сүлейменов.

Жаңа бағыттардың бірі – микробиологиялық зертхана. Мұнда адамның биоматериалдарымен қатар су, ауа, топырақ және азық-түлік өнімдеріне де зерттеу жүргізіледі. 

Сондай-ақ зең инфекцияларын анықтауға арналған микологиялық зерттеулер, ауыр металдар мен микотоксиндердің құрамын анықтау бойынша талдаулар жасалады.

Молекулалық-генетикалық зерттеулер заманауи полимеразалық тізбекті реакция (ПТР) технологияларының көмегімен жүзеге асырылады.

Зертхананың мүмкіндіктері қатарында онкологиялық аурулардың жоғары қаупімен байланысты адам папилломасы вирусын (АПВ) анықтауға арналған тестілеу және жасушалардағы ерте өзгерістерді анықтау зерттеулері бар.

Кешен құрамында үй жануарларына арналған түрлі зерттеулер жүргізетін ветеринариялық зертхана да жұмыс істейді.