
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін бүкіл ел алдында қарағандылық дәрігерлердің төрт жасар баланы құтқарып қалған оқиғасын айтты. Ақ халаттылардың кәсіби біліктілігі мен жанқиярлық еңбегі елеусіз қалған жоқ.

«Құрмет» орденін Мемлекет басшысының қолынан Теміртау көпсалалы ауруханасының директоры, бұған дейін облыстық балалар ауруханасын басқарған Арғын Бидайбаев алды.

Ал «Ерен еңбегі үшін» медалімен Көпсалалы облыстық балалар ауруханасының директоры Жанат Елубаев

пен жедел хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Бейбіт Бердібеков марапатталды. Награданы оларға Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова табыстады.
– Күн сайын маған жүздеген хат келеді. Онда азаматтарымыз өз өтініштері мен ұсыныстарын, тілектері мен ой-пікірлерін жолдайды. Бүгін мен жақында Қарағанды облысының тұрғынынан алған бір хатқа арнайы тоқталғым келеді. Хатта облыстық аурухананың дәрігерлері төтенше жағдайдан зардап шеккен төрт жасар баланың өмірін сақтап қалғаны жазылған. Құтқарылған баланың жақындары медицина қызметкерлерінің өз ісіне деген адалдығы мен ерекше жанқиярлығын атап өткен. Олар аурухана ұжымына және денсаулық сақтау саласының басшыларына шынайы алғыстарын білдіреді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты қабылдауда.
Сәбидің зардап шегуіне себеп болған қайғылы оқиға сәуір айында болған. Баланы емдеуге және оңалтуға ауруханада бір жарым ай уақыт қажет болды.

Ұлдарының өмірі үшін күрескен барлық дәрігерлерге ата-анасы шексіз ризашылық білдіреді.
– Кейде адам өмірінде күтпеген, тіпті ойыңа да келмейтін жағдайлар болады. Сол күні біздің отбасымызға да ауыр сынақ түсті. Баламыз облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне түсті. Оқиға болған сәтте көршілеріміз бен жедел жәрдем қызметкерлері өте жылдам әрекет етті. Бақытымызға қарай, аурухана жақын жерде болды, ең бастысы – кезекшілікте тәжірибелі дәрігерлер жұмыс істеп тұрды. Олар ұлымыздың өмірін сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Атап айтсам, Арғын Ноянұлы Бидайбаев, Бейбіт Серғалиұлы Бердібеков, Жанат Қуандықұлы Елубаев, Елизавета Альбертовна Кальмбах. Дегенмен сол қиын сәтте жанымыздан табылған барлық маманға алғысымыз шексіз. Әрбір балаға мықты денсаулық пен алаңсыз, бақытты балалық шақ тілеймін, – дейді баланың әкесі.