
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина саласының көрнекті қайраткерлерінің есімдерін бейінді жоғары оқу орындарына беру жөніндегі бастаманы қолдады.

Бұл бастама өңірдегі денсаулық сақтау саласына кадрлар даярлау мектебінің негізін қалаушылардың бірі болған Петр Поспеловтің есімін Қарағанды медицина университетіне беру мәселесіне де қатысты.
– Үкімет пен медицина қауымдастығының Қарағанды медицина университетіне оның негізін қалаушы әрі ұзақ жылдар бойы басшылық еткен Петр Моисеевич Поспеловтің есімін беру туралы бастамасын қолдаймын. Қарағандыдағы атақты медицина мектебінің негізін қалаған, аңызға айналған ұйымдастырушының 125 жылдық мерейтойы қарсаңында мұндай шешім тарихи әділеттіліктің шынайы көрінісі болмақ, – деді Президент Ақордада Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде.
Мемлекет басшысы сондай-ақ белгілі ғалым Төрегелді Шармановтың есімін Астана медицина университетіне беру туралы ұсыныс жасады. Сонымен қатар жоғары оқу орнына ұлттық университет мәртебесін беру туралы бастаманы қолдады.