Ермағанбет Бөлекпаев: «Біз басымдықтарды дұрыс айқындауымыз керек»

Ермағанбет Бөлекпаев: «Біз басымдықтарды дұрыс айқындауымыз керек»

Әлеуметтік нысандар салу, коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және кәсіпкерлікті қолдау мәселелері Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың Бұқар жырау ауданы тұрғындарымен кездесуінің басты тақырыптарына айналды. Кездесу ашық форматта өтті: ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді тікелей көтеріп, өңір басшысы өзекті сұрақтарға жауап берді.

Кездесуді ашқан Ермағанбет Бөлекпаев ауданның даму қарқыны сақталып отырғанын атап өтті.

— Әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұқар жырау ауданында үш заманауи мектеп салынды. Қыркүйек айынан бастап онда балалар білім алады. Сонымен қатар облыс бойынша 92 жаңа денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді, оның 20-сы сіздердің аудандарыңызда орналасқан, — деді облыс әкімі.

Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын аудан аумағында 17 инвестициялық жоба жүзеге асырылғанын айтты. Жақын арада жаңа өндіріс орындарын, соның ішінде «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағындағы кәсіпорындарды іске қосу жоспарланып отыр.

Агроөнеркәсіптік секторда да оң динамика сақталуда. Ет пен жұмыртқа өндірісінің көлемі артып келеді. Тек өткен жылдың өзінде салада бес жоба жүзеге асырылып, соның нәтижесінде 77 жаңа жұмыс орны ашылды.

Жол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Биыл Ақжар ауылына апаратын бес шақырымдық кірме жолдың орташа жөндеуін аяқтау, сондай-ақ Атамекен – Ескі Тұзды аудандық маңызы бар жолын жөндеуді жалғастыру жоспарланған.

Жылыту маусымына дайындық та қалыпты режимде жүргізілуде. Қушокы ауылында жаңа қазандықтың құрылысы жүріп жатыр.

Алайда тұрғындар кездесуге тек есеп тыңдау үшін емес, өз ұсыныстарын жеткізу үшін де келді.

Алғашқылардың бірі болып Ғабиден Мұстафин кентінде Мәдениет үйін салу мәселесі көтерілді.

— Біздің кентте шамамен 3,5 мың адам тұрады, жастар көп. Мемлекеттік қолдаудың арқасында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Нұра өзені арқылы өтетін көпір салынды, жақын арада жаңа мектеп ашылады. Бірақ әлі күнге дейін толыққанды Мәдениет үйі жоқ. Шығармашылық ұжымдар мен мұражай ДСК ғимаратында орналасуға мәжбүр. Осы нысанның қашан салынуы мүмкін екенін білгіміз келеді, — деді кент тұрғындарының бірі.

Өңір басшысы бүгінде ең өзекті мәселелерге басымдық беріліп отырғанын атап өтті. Олардың қатарында апатты мектептердің орнына жаңа білім беру нысандарын салу, жылыту маусымына дайындық және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту бар.

— Біз басымдықтарды дұрыс айқындауымыз керек. Жаңа әлеуметтік нысандар салу үшін өңірдің табысы болуы қажет. Сондықтан бизнесті қолдау, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау және инженерлік инфрақұрылымды дамыту маңызды, — деп жауап берді Ермағанбет Бөлекпаев.

Кездесуде Көкпекті ауылындағы мектептің шамадан тыс жүктемесі мәселесі де көтерілді. Облыс әкімі бұл проблеманың өзектілігін мойындағанымен, өңірде әлі де шұғыл назар аударуды қажет ететін апатты мектептер бар екенін еске салды.

— Сіздердің жағдайларыңызды түсінеміз. Алайда барлық мәселені бір мезетте шешу мүмкін емес. Қазір облыста төрт жаңа мектеп салынып жатыр: біреуі Қарағандыда, үшеуі Бұқар жырау ауданында. Сіздердің мектепті жөндеуге қаржы бөлінді. Болашақта қосымша ғимарат салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Мен «жоқ» деп отырған жоқпын — мектеп қажет, сондықтан бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз, — деді өңір басшысы.

Кәсіпкерлікті қолдау мәселесі де жеке талқыланды. Кәсіпкерлердің бірі көп деңгейлі жерасты жылыжайының жобасын таныстырып, жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін өткізуге арналған сауда алаңдарын ұйымдастыруға қолдау көрсетуді сұрады.

— Мұндай бастамаларды қолдау қажет. Қарағандыда жақсы тәжірибе бар: ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз өнімдерін тікелей әрі жалдау ақысыз сата алатын арнайы павильондар құрылған, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Сондай-ақ тұрғындар ауыз сумен қамтамасыз ету, абаттандыру, балалар үшін жайлы орта қалыптастыру және тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелерін көтерді. Кездесуде айтылған бірде-бір мәселе назардан тыс қалған жоқ.

Кездесуден кейін облыс әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.