Қарағанды облысында тағы бір ауылдық өрт сөндіру бекеті ашылды

Қарағанды облысында тағы бір ауылдық өрт сөндіру бекеті ашылды

Бұқар жырау ауданының Ақбел ауылында төрт елді мекенге қызмет көрсететін және 900-ге жуық тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өрт сөндіру бекеті ашылды.

Ашылу салтанатына Қазақстанның төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.

–  Жаңа пост – бұл ең алдымен адамдардың қауіпсіздігі. Ол төтенше жағдайларға тезірек ден қоюға мүмкіндік береді. Мұндай нысандар ірі өрт сөндіру бөлімдерінен алыс орналасқан ауылдық елді мекендер үшін ерекше маңызды. Биыл біз ауылдық жерлерде екінші өрт сөндіру бекетін ашудамыз. Алда біздің өрт сөндірушілерге жағдай жасау бойынша әлі көп жұмыс бар, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Бекет ТЖМ «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы бойынша ашылды.

– Біздің мақсатымыз – әрбір ауылда жеке өрт сөндіру бекетінің жұмыс істеуі. Бұл жай ғана жаңа ғимарат емес, адамдардың қауіпсіздігіне, жедел әрекет етуге және елді мекендерді төтенше жағдайлардан қорғауға нақты кепілдік. Тек осы жылы ғана облыста 18 ауылдық өрт сөндіру бекетін саламыз және бұл жұмысты жалғастыратын боламыз, – деп атап өтті төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов.

Пост қажетті техникамен, жабдықтармен және байланыс құралдарымен жабдықталған. Бөлімшенің қарамағында – қазіргі заманғы арнайы автокөліктер бар, олар шақыруларға, соның ішінде қолжетімділігі қиын елді мекендерге жедел шығатын болады.

– Бекет алты қызметкермен жасақталған. Олар кезекшілік атқарып, Ақбел ауылдық округі мен іргелес елді мекендердің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады. Бекет қызметкерлері елді мекендердің ішінде де, округтің дала алқаптарында да өрттерді сөндіреді. Ол үшін мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелерімен өзара іс-қимыл орнатылды, радио және телефон байланысы ұйымдастырылды, ал нысан қажетті мүкәммалмен, «Ермак» өрт сөндіру мобильді кешенімен, сөрелік өрт сөндіргіштермен және басқа да жабдықтармен қамтамасыз етілді, – деді Бұқар жырау ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы азаматтық қорғау майоры Владимир Малышкин.

Бекет қызметкерлеріне қажетті жағдайлар жасалған: ас бөлмесі, жеке құрамға арналған демалыс бөлмесі және т. б. бар.

Ауылдық жерлерде өрт инфрақұрылымын дамыту жалғасуда.

Бөлімшелердің материалдық-техникалық базасы да жаңартылуда. 

Құтқару қызметтеріне жаңа техника, заманауи құрал-жабдықтар, байланыс құралдары мен керек-жарақтар беріледі. Соңғы уақытта қолданысқа 50-ден астам арнайы техника келіп түсті.