
Қарағанды облысының педагогтері мен колледж қызметкерлерінен құралған құрама команда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары қызметкерлері арасында өткен республикалық спартакиадада елдегі ең үздік үш команданың қатарына енді. Түркістан қаласында ұйымдастырылған жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген 700-ге жуық адам қатысты.

Бірнеше күнге созылған дода барысында педагогтер мен колледж қызметкерлері спорттың тоғыз түрі бойынша бақ сынасты. Бағдарламаға шағын футбол, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, арқан тарту, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері – тоғызқұмалақ, асық ату және бес асық енгізілді. Спартакиаданың басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау және білім беру саласы өкілдері арасындағы кәсіби байланысты нығайту.

Қарағанды облысының намысын өңірдегі колледждердің педагогтері мен қызметкерлерінен құралған құрама команда қорғады. Оның құрамына облыстағы 12 жетекші оқу орнының өкілдері енді. Атап айтқанда, Қарағанды жоғары политехникалық колледжі, Қарағанды жоғары инжиниринг колледжі, Теміртау жоғары политехникалық колледжі, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі, «Қазақмыс» корпорациясының политехникалық колледжі, Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжі және Қарағанды, Теміртау мен Саран қалаларындағы өзге де білім беру ұйымдарының мамандары қатысты.
Облыс құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, республикалық жалпыкомандалық есепте үшінші орынды иеленді. Бұл көрсеткіш бойынша Алматы қаласы мен Ақмола облысының командалары ғана алға шықты.

Қарағандылықтар жекелеген спорт түрлерінде де табысты өнер көрсетті. Баскетболдан құрама күміс жүлдеге қол жеткізсе, үстел теннисінен қола медаль жеңіп алды. Ал тоғызқұмалақ, асық ату, бес асық, арқан тарту және ерлер волейболы бойынша облыс өкілдері жүлделі орындарға сәл ғана жетпей, төртінші орыннан көрінді.
