
Қарқаралы ауданында ауқымды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Жаңа жолдардың салынуы, көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, коммуналдық жүйелерді жаңғырту және туристік әлеуетті арттыруға бағытталған бастамалар алдағы жылдары ауданның келбетін түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді.

Тұрғындар мен туристер үшін қолайлы орта қалыптастыру мақсатында Қарқаралы қаласын абаттандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде.

Солардың бірі – ұзындығы 2,3 шақырым болатын Тоқтар Әубәкіров көшесін қайта жаңғырту жобасы.

— Нысан шілде айының соңына дейін пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда асфальтбетон жабынының екі қабаты төселіп, жолдың негізі жаңартылды, жаңбыр суын ағызу жүйесі мен жаңа жиектастар орнатылды. Сонымен қатар көше жарықтандырылып, жаяу жүргіншілер жолы жөнделеді. Алдағы уақытта тағы бір орталық көше – Әлихан Бөкейханов көшесін жөндеу және бес көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр, — деді Қарқаралы ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Абай Ысқақов.

Қаладағы жаңа қоғамдық кеңістіктердің бірі №2 мектеп жанынан бой көтермек. Әлімхан Ермеков атындағы мектептің маңында жеке инвестициялар есебінен жаңа саябақ салынады. Қазіргі бос жатқан аумақта жаяу серуендеуге арналған жолдар, жарықтандыру жүйесі, орындықтар мен шағын сәулеттік нысандар орнатылған заманауи демалыс аймағы пайда болады.

— Қазіргі уақытта жоба келісу рәсімінен өтуде. Болашақта бұл саябақ қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналады деп күтеміз, — деді Қарқаралы қаласының әкімі Аслан Рахымбергенов.
Ауданда әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Биыл 300 оқушыға арналған мектеп пен 100 орындық интернаттың, сондай-ақ 200 орындық балабақшаның құрылысын бастау жоспарланған.

Халықтың әлеуметтік осал санаттарына жататын азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де кезең-кезеңімен шешілуде. Биыл осы мақсатта 76 пәтер сатып алынды. Солардың бірі Қарқаралы қаласының орталығында орналасқан тұрғын үй. Мұнда әрқайсысының аумағы 113 шаршы метр болатын жақсартылған жоспардағы алты екі деңгейлі төрт бөлмелі пәтер бар. Баспаналар көпбалалы отбасыларға берілді.

Жаңа қоныс иелерінің бірі – бес бала тәрбиелеп отырған Назгүл Мұқашева. Оның отбасы он жылдан астам уақыт тұрғын үй кезегінде тұрған.
— Пәтерлер өте жақсы, жылы әрі жайлы. Су да, кәріз жүйесі де бар. Біз наурыз мерекесі қарсаңында, наурыз айында қоныстандық. Бұл біздің отбасымыз үшін ең үлкен сый болды, —дейді Назгүл Мұқашева.

Биыл аталған үй орталық жылу жүйесіне қосылады. Сонымен бірге резервтік нұсқа ретінде жеке қазандық сақталады. Мұндай тұрғын үй форматы аудан үшін алғашқы жоба саналады. Пәтерлер мемлекеттік бағдарлама талаптарына сәйкес келіп, құрылыс салушыдан сатып алынған.
Алдағы уақытта бұл тәжірибені Қарқаралы қаласында ғана емес, ауылдық елді мекендерде де жалғастыру жоспарланған. Мәселен, Матақ ауылында екі сегіз пәтерлі үй, ал Көктас ауылында екі екі пәтерлі тұрғын үй салынды.

Аудан үшін маңызды бағыттардың бірі – сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту. Қазіргі таңда Айрық, Айнабұлақ және Татан ауылдарының бес мыңға жуық тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілуде.

Коммуналдық инфрақұрылымды жаңартумен қатар қауіпсіздік жүйесін нығайтуға да басымдық берілуде.

Қарқаралы қаласындағы өрт сөндіру бөлімінде жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, техника мен жабдықтар толықтырылды. Бүгінде бөлімшенің қарамағында төрт өрт сөндіру көлігі, жол талғамайтын техникалар, квадроциклдер, сондай-ақ металл және үрмелі қайықтар бар.
Сонымен қатар құтқару қызметі зардап шеккендер мен туристерді іздеуге арналған заманауи ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жабдықталған. Дрондар жылу бейнелеу құрылғыларымен қамтылған, бұл іздестіру жұмыстарын анағұрлым тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.
Құтқарушылар аудан елді мекендеріне ғана емес, Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағына да қызмет көрсетеді. Туристік ағынның артуы жағдайында бұл қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды тетігіне айналып отыр.
