Қарағанды облысында Қарқаралы – Егіндібұлақ автожолын жөндеу жұмыстары басталды

Қарағанды облысында Қарқаралы – Егіндібұлақ автожолын жөндеу жұмыстары басталды

Қарағанды облысында көптен күткен Қарқаралы – Егіндібұлақ тасжолын жөндеу жұмыстары басталды. Бұл жолды жаңарту мәселесін өңір тұрғындары бірнеше жыл бойы көтеріп, облыс әкімінің қатысуымен өткен кездесулерде талай рет айтқан болатын. Биыл автожолдың 80 шақырымы жөндеуден өткізіледі.

– Бұл жол Қарқаралы ауданы үшін аса маңызды. Ол Қарағайлы, Бүркітті, Қарабұлақ, Қаракөл, Айнабұлақ және Жәнібек ауылдарын байланыстырады. Аталған елді мекендерде 17 мыңнан астам адам тұрады. Жаңартылған жол олардың қауіпсіз әрі жайлы қатынауын қамтамасыз етіп, көлік қатынасының қолжетімділігін арттыруға, экономиканың дамуына және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді. Мемлекет көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді, – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Азамат Тайжанов.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Дінмұхамед Еркіннің айтуынша, жұмыстар екі учаскеге бөлінген: ұзындығы 32 шақырым болатын Қарқаралы – Бүркітті және ұзындығы 48 шақырымды құрайтын Бүркітті – Егіндібұлақ бағыттары.

– Жоба аясында жол негізін суық ресайклинг әдісімен нығайта отырып, орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Бұл технология қолданыстағы жол төсемінің құрылымдық қабаттарын қайта өңдеп, оған қиыршық тас пен байланыстырғыш материалдарды қосу арқылы негізді күшейтуге мүмкіндік береді. Негіз дайындалғаннан кейін жаңа асфальт-бетон жабындысы төселеді, жол жиектері нығайтылады, жол белгілері орнатылып, таңбалау жұмыстары жүргізіледі, – деп түсіндірді ол.

Жөндеу жұмыстарының барлық кезеңінде сапаға бақылау жасалады. Технологиялық талаптардың сақталуын техникалық қадағалау мамандары, «ҚазАвтоЖол» филиалы және Жол активтері сапасының ұлттық орталығы қадағалайды. Сонымен қатар пайдаланылатын материалдарға зертханалық бақылау жүргізіледі.

Жөндеу аяқталғаннан кейін мердігер ұйым қолданыстағы заңнама мен келісімшарт талаптарына сәйкес кепілдік міндеттемелерін орындайды.

Жалпы, 2026 жылы Қарағанды облысында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының тоғыз учаскесі орташа жөндеумен қамтылып, жұмыстардың жалпы ұзындығы 280 шақырымды құрайды.