
Астанада өткен «Ustaz Barysy – 2026» республикалық турнирінде Қарағанды облысының педагогтері жоғары нәтиже көрсетіп, үш чемпиондық белбеуді жеңіп алды. Қазақ күресінен ұйымдастырылған жарысқа еліміздің 14 облысы мен үш қаласынан келген 130 мұғалім қатысты.

Турнирдің басты қаһармандарының бірі – Шет агротехникалық колледжінің өндірістік оқыту шебері Нұрхан Есмағанбетов болды. Қазақ күресінен спорт шебері жарыстың барлық кезеңінен сүрінбей өтіп, алтын медаль жеңіп алды. Чемпиондыққа апарар жолда ол Алматы және Жамбыл облыстарының балуандарын, сондай-ақ Астана қаласының өкілін жеңді. Финалда ол Абай облысының чемпионымен қарсылас болды.
– Турнирге тыңғылықты дайындалдық және әр белдесудің оңайға соқпайтынын жақсы түсіндік. Әсіресе алғашқы және финалдық белдесулер өте тартысты өтті. Шешуші кездесуде өте мықты қарсыласқа тап болдым. Сондықтан бұл жеңістің және республикалық деңгейдегі алғашқы чемпиондық атағымның маңызы мен үшін ерекше, – дейді Нұрхан Есмағанбетов.

Қарағанды облысы құрамасының қоржынына тағы бір алтын медальді Нұра жалпы білім беретін мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, Кеншоқы ауылының тұрғыны Бекнұр Әбдіғалым салды. Ол 18–34 жас аралығындағы қатысушылар арасында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде турнир чемпионы атанып, чемпиондық белбеуге ие болды.
Бұл спортшы үшін «Ustaz Barysy» турниріндегі екінші жеңіс. Өткен жылы да ол Ұлытау облысында өткен жарыста жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген болатын.

Сондай-ақ Ақсу-Аюлы ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы тірек мектебінің жас дене шынықтыру пәні мұғалімі Берхаир Амангелді де тамаша нәтиже көрсетті. Ол 82 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмай, алтын медаль мен чемпиондық белбеуді жеңіп алды.
Жалпы Қарағанды облысының құрамасы сапында 30 спортшы өнер көрсетті. Олардың қатарында Шет ауданындағы білім беру ұйымдарының алты педагогі болды. Команданың дайындығы мен жарысқа қатысуын Шет аудандық білім бөлімінің әдіскері Еркебұлан Әкіжанов үйлестірді.

Турнир қорытындысы бойынша Қарағанды облысының құрамасы еліміздің ең үздік үш командасының қатарына енді.
Фото: Нұрхан Есмағанбетов пен Еркебұлан Әкіжановтың жеке мұрағатынан