Қарағандылық жас әнші халықаралық байқауда Гран-при иеленді

Қарағандылық жас әнші халықаралық байқауда Гран-при иеленді

Қарағанды қаласының тумасы, Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің студенті әрі Кеншілер мәдениет сарайы жанындағы «Шабыт» вокалдық студиясының тәрбиеленушісі Мархабат Мұрадәлі XXVIII халықаралық Boztorgai – 2026 байқауының Бас жүлдесін жеңіп алды. Алматы қаласында өткен шығармашылық додаға Қазақстан, Армения, Грузия, Болгария, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қытайдан 700-ден астам қатысушы жиналды.

Мархабат музыкаға бала кезінен қызығып келеді. Бүгінде ол оқуын шығармашылықпен қатар алып жүріп, дайындықтар мен концерттік бағдарламаларға белсенді қатысады. Оның таланты халықаралық деңгейде де жоғары бағалана бастады.

Boztorgai – 2026 байқауында жас өнерпаздар вокал, хореография, аспаптық өнер және басқа да шығармашылық бағыттар бойынша сынға түсті. Қатысушылардың өнерін белгілі композиторлар, продюсерлер, педагогтер мен мәдениет қайраткерлерінен құралған халықаралық қазылар алқасы бағалады.

Қарағандылық өнерпаз байқауда Талғат Манастың «Сендім деме» және Джо Кокердің «My Father's Son» шығармаларын орындады. Әртүрлі жанрдағы бұл туындылар оның вокалдық мүмкіндігін, дауыс диапазоны мен сахналық шеберлігін жан-жақты көрсетуге мүмкіндік берді.

— Бұл мен үшін үлкен тәжірибе әрі халықаралық сахнада өнер көрсетуге берілген мүмкіндік болды. Байқауға бірнеше ай бойы дайындалдым және вокалдық мүмкіндіктерімді барынша ашуға тырыстым. Ең қиыны толқуды жеңіп, сахнада өз-өзіңе сенімді болу еді. Қазақстанның намысын лайықты деңгейде қорғай алғаныма қуаныштымын, – дейді Мархабат Мұрадәлі.

Әншінің айтуынша, байқаудағы бәсеке өте жоғары болған. Сондықтан бұл жеңістің маңызы ерекше.

Қазіргі уақытта Мархабат «Шабыт» студиясында вокалдық шеберлігін жетілдіруді жалғастырып, жаңа репертуар дайындап жатыр. Сонымен қатар ол алдағы шығармашылық байқауларға қатысуға дайындалуда.

Фото Мархабат Мұрадәлінің жеке мұрағатынан