
Қарағандыда медицина университетінің базасында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған Қазақстан нейрохирургтерінің VI конгресі өтті.

Ауқымды жиынға еліміздің барлық өңірлерінен 200-ге жуық маман қатысты.

Екі күн бойы қатысушылар жаңа технологияларды, күрделі клиникалық жағдайларды және өңірлердегі нейрохирургиялық көмекті дамыту мәселелерін талқылады.

Конгрестің ашылу рәсімінде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың құттықтау хаты оқылды. Құрметті қонақтар қатарында мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов пен қоғам қайраткері Жақсылық Садықов болды.

Конгресс бағдарламасына 50-ден астам ғылыми баяндама, шеберлік сабақтары, практикалық дәрістер мен кәсіби пікірталастар енгізілді. Қатысушылар нейрохирургиядағы жоғары технологияларды қолдануға, тамырлық және онкологиялық патологияларды емдеуге, сондай-ақ балалар және функционалдық нейрохирургияны дамытуға ерекше назар аударды.
Қазақстан нейрохирургтері қауымдастығының президенті, ҚР ҰҒА академигі Серік Ақшолақовтың айтуынша, Тәуелсіздік жылдарында қазақстандық нейрохирургия жаңа деңгейге көтеріліп, елімізде жоғары технологиялық медициналық көмекті көрсетуге барлық жағдай жасалған.

— Бүгінде Ұлттық нейрохирургия орталығы Қазақстаннан тыс жерлерде де жетекші жоғары технологиялық орталық ретінде кеңінен танымал. Мұнда клиникалық тәжірибе, ғылыми зерттеулер және жоғары білікті мамандарды даярлау ісі табысты ұштасып келеді, - деп атап өтті ол.
Конгресс аясында жас ғалымдар арасында байқау ұйымдастырылды. Сонымен қатар, саланың дамуына елеулі үлес қосқан нейрохирургтер арнайы марапаттарға ие болды.
