Қарағандыда негізгі жылу магистралдарының біріне ауқымды қайта жаңарту жұмыстары басталды

Қарағандыда негізгі жылу магистралдарының біріне ауқымды қайта жаңарту жұмыстары басталды

Қарағанды облысында инженерлік инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңғырту жалғасып жатыр. Облыс орталығында жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған М-3 жылу магистралін кешенді қайта жаңарту жұмыстары қолға алынды. Тозу деңгейі шамамен 70 пайызға жеткен құбыр желісі толықтай жаңартылып, жер астына көшіріледі. Жоба жылу шығынын айтарлықтай азайтуға, апаттық тәуекелдерді төмендетуге және қала тұрғындарын жылумен қамтамасыз етудің сенімділігін арттыруға бағытталған.

«Теплотранзит Қарағанды» ЖШС мәліметінше, құрылыс-монтаж жұмыстары ұзындығы 2,4 шақырым болатын учаскеде жүргізілуде. Ол «Көгілдір тоғандар» шағын ауданынан Карл Маркс көшесіндегі жол өткеліне дейінгі аралықты қамтиды. Бұл аумақта қолданыстағы төрт құбыр толық бөлшектеліп, олардың орнына жаңа буындағы инженерлік желілер орнатылады.

Жаңғырту аясында беруші құбырлардың бірінің диаметрі 800 миллиметрден 1000 миллиметрге дейін ұлғайтылмақ. Бұл жүйенің өткізу қабілетін едәуір арттырып, қолданыстағы және болашақта бой көтеретін тұрғын аудандарды жылумен қамтудың тұрақтылығы мен сенімділігін күшейтеді.

Жобадағы маңызды жаңашылдықтардың бірі — жылу магистралін әуе желілерінен жер асты инфрақұрылымына көшіру. Ескі коммуникациялардың орнына пенополиуретан негізіндегі заманауи алдын ала оқшауланған құбырлар пайдаланылуда. Олар ұзақ мерзімділігімен, энергия тиімділігімен және жылу сақтау қасиетінің жоғары болуымен ерекшеленеді.

Жұмыстар Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жоба аясында жүзеге асырылуда. Жоба екі жылға жоспарланған: 2026 жылы 1,5 шақырым желі жаңартылса, 2027 жылы тағы 900 метр учаске толық ауыстырылады. Қажетті материалдар бойынша ешқандай тапшылық жоқ — барлық құбырлар отандық өндірушіден алдын ала толық көлемде жеткізуге тапсырыс берілген.

Компания өкілдері атап өткендей, бұзу барысында алынатын жылуоқшаулағыш материал да тиімді пайдаланылмақ. Өткен жылы жаңарту кезінде қолданылған жылу матасы мұқият алынып, техникалық мүмкіндігі бар өзге учаскелерде қайта қолдануға жіберіледі.