
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында көктемгі егіс жұмыстарын аяқтау және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Кеңеске селекторлық режим арқылы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері қатысты.

Жиында еңбек өнімділігін арттыру, аграршыларды қолдау, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелері жан-жақты талқыланды.

— Ауыл шаруашылығы еліміздің экономикасындағы басым салалардың бірі болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіптік кешеннің қарқынды дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Президент бұл саланың ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттырудағы, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі және тұрақты экономикалық өсімді қалыптастырудағы маңызын үнемі атап өтеді, - деді Олжас Бектенов.
Қарағанды облысында көктемгі дала жұмыстары толық көлемде аяқталды.

Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 1 миллион 231,2 мың гектар алқапқа орналастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 50 мың гектарға артық. Ауыл шаруашылығы өндірушілері сапалы тұқымдар мен минералдық тыңайтқыштарды сатып алу үшін мемлекеттік қолдау шараларын кеңінен пайдаланды.
«Шахтёрское» ЖШС-нің басшысы Георгий Прокоп қолданыстағы жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары шаруашылықтарға жаңа маусымға алдын ала дайындалуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

— Бұрын біз несиені тек көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін алатынбыз. Қазір «Кең дала» бағдарламасы аясында қаражатты күзден бастап алып, тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғау құралдарын және техниканы алдын ала сатып алуға мүмкіндік бар. Оның үстіне қаржы жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Бұл ауыл еңбеккерлері үшін өте тиімді әрі үлкен қолдау, - деді Георгий Прокоп.
Қазақстан фермерлер одағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Игорь Жабяк ауыл шаруашылығы ел экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналуы тиіс деп есептейді.
Оның айтуынша, өңірде өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы қатар қарқынды дамып келеді. Сонымен бірге цифрлық технологиялар мен заманауи автоматтандырылған шешімдер белсенді түрде енгізілуде. Бұл үрдіс, әсіресе, жаңадан іске қосылып жатқан сүт-тауар фермаларында айқын көрініс табуда.