Қарағанды облысында қазақ тілінің үздік оқытушысы анықталды

Қарағанды облысында қазақ тілінің үздік оқытушысы анықталды

Қарағанды облысында қазақ тілінің үздік оқытушысы анықталды. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы облыстық «Үздік оқытушы» байқауының бас жүлдесін Балқаш қалалық Тілдер орталығының әдіскері Айнұр Байымбетова иеленді. Енді ол өңір намысын республикалық кезеңде қорғайды.

Байқауда мемлекеттік және жекеменшік тіл орталықтарының жеті оқытушысы мен әдіскері бақ сынады.

Қатысушылар кәсіби портфолиосын таныстырып, ашық сабақ өткізіп, оқыту әдістемесі бойынша теориялық білімдерін көрсетті.

Қазылар алқасы әсіресе байқаудың практикалық кезеңіне ерекше мән берді. Қатысушылар В2 деңгейіндегі тыңдаушыларға сабақ өткізіп, оқытудың заманауи тәсілдерін, тілдік дағдыларды дамыту әдістерін және цифрлық құралдарды қолдану мүмкіндіктерін паш етті.

Айнұр Байымбетова сегіз жылдан бері оқытушы болып еңбек етіп келеді. Тәжірибесіне қарамастан, байқауға дайындық одан едәуір күш-жігерді талап еткен.

– Жоғары нәтиже көрсету үшін көп нәрсені қайта еске түсіріп, тыңғылықты дайындалуға тура келді. Дайындық шамамен екі айға созылды. Жеңімпаз атанғаныма өте қуаныштымын. Байқау қызықты әрі шын мәнінде тартысты өтті. Біз жаңа әдістемелермен танысып, құнды тәжірибе алмастық. Алда республикалық кезең күтіп тұр, сондықтан оған дайындықты жақын күндері-ақ бастаймын, – дейді бас жүлде иегері.

Бірінші орынды Шахтинск қаласындағы «Бастау» оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы Әлия Еппаева иеленді.

Екінші орын Балқаш қалалық Тілдер орталығының әдіскері Мөлдір Балғабаеваға бұйырды.

Ал үшінші орын Теміртау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің оқытушысы Досжан Нұрсейітовке берілді.

Байқау аясында қатысушылар үшін арнайы оқыту тренингі де ұйымдастырылды. «Отандастар» республикалық қорының оқытушысы Әсия Смықова байқауға қатысушылардың дайындық деңгейіне жоғары баға берді. Оның айтуынша, педагогтер тілді оқытуда кешенді тәсілді көрсетіп, оқу материалдарын әзірлеу мен сабақ өткізу барысында жасанды интеллект құралдарын сенімді түрде қолданған.

Фото: Қарағанды облысының Тілдерді дамыту басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығы