«Таза Қазақстан»: Қарағанды облысындағы ауыл мектебінде «100 түрлі гүл» жобасы жүзеге асырылуда

«Таза Қазақстан»: Қарағанды облысындағы ауыл мектебінде «100 түрлі гүл» жобасы жүзеге асырылуда

Гүлдерге арналған QR-кодтар мен тірі ботаника: Қарағанды облысындағы ауыл мектебінде республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы ерекше бағытта дамып келеді. Қарқаралы ауданының Талды ауылындағы мектеп оқушылары «100 түрлі гүл» жобасына қатысып, ұстаздарының жетекшілігімен білім ордасын жасыл кеңістікке айналдыруда.

Идея Талды ауылындағы №19 тірек мектебінің директоры әрі биология пәнінің мұғалімі Мақсат Оспанқұловқа тиесілі. Бүгінде оқу орнында хлорофитум мен бегониядан бастап шефлера мен замиокулькасқа дейінгі бөлме өсімдіктерінің 70-тен астам түрі жиналған.

Жоба тек көгалдандыру мақсатында ғана қолға алынған жоқ. Ең алдымен, бұл – экологияны тәжірибе жүзінде меңгеруге арналған сабақтар. Негізгі мақсат – балалардың табиғатқа деген жанашыр көзқарасын қалыптастырып, өсімдіктерді күту арқылы жауапкершілікке баулу.

— Гүлдер — менің өмірімнің бір бөлігі. Менің өз қағидам бар: көңіл күйім болмаса – гүл егемін, көңіл күйім жақсы болса да – гүл егемін. Өсімдіктер ауаны тазартады, жайлылық сыйлайды және қамқорлық жасауға үйретеді, - дейді Мақсат Оспанқұлов.

Оқушылар да жобаға белсенді қатысуда: топырақ дайындайды, гүлдерді баптайды және өсімдіктердің әртүрлі түрлерінің ерекшеліктерін зерттейді. Педагогтердің айтуынша, тірі табиғат әлеміне осылайша терең бойлау балалардың қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертеді.

— Мақсат Зейнелұлының әрбір гүлге ерекше қамқорлықпен қарайтынын көре отырып, біз де өсімдіктерге көбірек қызығушылық таныта бастадық. Ол өзінің өнегесі арқылы бізді ұқыптылыққа, жауапкершілікке және барша тіршілік иесіне құрметпен қарауға тәрбиелейді, - дейді мұғалім Айгерім Бағдатқызы.

Қазір әрбір өсімдікке жеке төлқұжат әзірленіп жатыр. Алдағы уақытта гүлдердің жанына QR-кодтар орналастырылып, олар арқылы өсімдіктің шығу тарихы, күтім жасау ерекшеліктері мен пайдалы қасиеттері туралы ақпарат алуға болады. Сондай-ақ жиналған материалдар негізінде арнайы анықтама парақшасын шығару жоспарланған.

Көгалдандыру жұмыстары мектеп ауласында да жалғасуда. Жуырда мұнда оқу орнының дамуына өмірін арнаған ұстаздарды еске алу мақсатында 14 көк шырша егілді. Бастаманы мұғалімдердің туыстары қолдады. Бұл шара «Таза Қазақстан» идеяларының айналамызда жайлы әрі экологиялық таза орта қалыптастыруға қалай ықпал ететінінің тағы бір жарқын көрінісіне айналды.