Мамандыққа алғашқы қадам: Қарағандыда мектепке дейінгі балалар түрлі кәсіп иесі рөлін сынап көрді

Мамандыққа алғашқы қадам: Қарағандыда мектепке дейінгі балалар түрлі кәсіп иесі рөлін сынап көрді

Гүл композициясын құрастыру, дүкен сөресін безендіру немесе кірпіштерді ұқыпты қалау — мұндай тапсырмаларды BabySkills кәсіби шеберлік чемпионатының қатысушылары орындады. Мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілері арасында өткен байқауды Қарағанды жоғары политехникалық колледжі ұйымдастырды. Көптеген бала үшін бұл мамандықтар әлемімен алғашқы таныстық болды.

Қарағанды қаласындағы №2 Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері өздерін нағыз маман ретінде сынап көрді. Жас қатысушылар «Визуалды мерчендайзинг және витринистика», «Флористика», «Кірпіш қалау ісі» және «Бейнелеу өнері» құзыреттері бойынша бақ сынасты.

Барлық тапсырмалар мектепке дейінгі жастағы балаларға бейімделіп әзірленіп, олардың қиялын, шыдамдылығын және шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік берді.

Колледж оқытушылары жұмыстарды бағаласа, студенттер балаларға тәлімгер әрі ерікті ретінде қолдау көрсетті.

– Чемпионаттың басты мақсаты – балаларға ерте жастан кәсіптік бағдар беру. Бала мамандықтардың сан алуандығымен неғұрлым ерте танысса, болашақта өз жолын тауып, әлеуетін толық жүзеге асыруы соғұрлым жеңіл болады. Чемпионат барысында балалар ойын түрінде шынайы мамандықтардың негіздерімен танысты. Бұл олардың қиялын дамытып, ұсақ моторикасын жетілдіреді және ең бастысы – өз күшіне сенуге көмектеседі, – деді директордың оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Құралай Жұманбаева.

Барлық қатысушылар дипломдар мен естелік сыйлықтарға ие болды, ал жеңімпаздарға лайықты марапаттар табысталды.