
Халықаралық Балаларды қорғау күніне орай Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мамандандырылған орталықта болды. Өңір басшысы тәрбиеленушілерді мерекемен құттықтап, олардың сабақтарға және түрлі іс-шараларға жайлы қатынауы үшін жаңа автобус тарту етті.

— Соңғы жылдары орталықта ауқымды жұмыстар атқарылды: ғимараттар жаңартылды, аумақ абаттандырылды, бассейн құрылысы аяқталуға жақын, балаларды оңалту мен дамытуға арналған заманауи жабдықтар сатып алынды. Мұның барлығы әрбір баланың өзін мұнда жайлы әрі сенімді сезініп, өз қабілеттерін толық ашуы үшін жасалып жатыр, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыс әкімі балаларды мерекемен құттықтап, оларға денсаулық, жарқын әсерлер және адал достар тіледі.

Сондай-ақ ол орталықты жаңғыртуға атсалысқан демеушілерге алғысын білдіріп, тәрбиеленушілердің дамуы үшін қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.

Халықаралық Балаларды қорғау күнімен орталық тәрбиеленушілерін Baquatty Aimaq Qory қорының құрылтайшысы Долорес Пішенбаева құттықтады. Ол сондай-ақ мекеме қызметкерлері мен оның жаңғыртылуына атсалысқан барлық жандарға алғысын білдіріп, балалардың дамуы үшін қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.

— Екі жыл бұрын біз командамен бірге осы жаңғырту жобасын бастағанда, ең алдымен балалар туралы — олардың жайлылығы, қолайлы ортасы және даму мүмкіндіктері туралы ойладық. Біз әр бала өзін сенімді сезініп, болашағын қалыптастыра алатын кеңістік құруды мақсат еттік. Бірақ кез келген маңызды өзгерісті адамдар жасайды, сондықтан мен орталық қызметкерлеріне және осы жобаның дамуына үлес қосқан барлық жандарға алғысымды білдіремін, — деді Долорес Пішенбаева.

Балаларға арналып концерттер,

театрландырылған қойылым, аквагрим

және өзге де қызықты ойын-сауықтар ұйымдастырылған жарқын мерекелік бағдарлама ұсынылды.

Облыс әкімі ерекше қажеттілігі бар балалар үшін жасалған жағдайлармен танысты.

Қарағанды облысының балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры Дарын Әубакіровтың айтуынша, жүргізілген жөндеу жұмыстарының арқасында мекеме әлдеқайда жайлы бола түскен.

Ал жаңа жабдықтардың орнатылуы көрсетілетін қызметтердің мүмкіндігін едәуір кеңейткен.

Орталық айтарлықтай жаңарып, елеулі өзгеріске ұшырады. Бөлмелер ыңғайлы жиһаздар мен функционалды төсектермен толық жабдықталған.

Орталық 125 орынға есептелген. «Бөбек» корпусында церебралды сал ауруына (ДЦП) шалдыққан және тірек-қимыл аппараты бұзылған 18 жасқа дейінгі балалар тұрады. Сонымен қатар мұнда күндізгі стационар да жұмыс істейді.

Мекемеде балаларды оңалту жұмыстары кешенді түрде жүргізіледі. Медициналық, психологиялық, педагогикалық және әлеуметтік көмекті пәнаралық мамандар тобы көрсетеді. Тәрбиеленушілердің жан-жақты дамуы үшін заманауи мамандандырылған кеңістіктер жасақталған.

Орталықта сенсорлық және интерактивті бөлмелер жұмыс істейді.

Онда жарық, дыбыс және цифрлық технологиялардың көмегімен балалардың сөйлеу қабілеті, ұсақ және жалпы моторикасы, қиялы мен қарым-қатынас дағдылары дамытылады.

Сондай-ақ релаксацияға, иммунитетті нығайтуға, ұйқы сапасын жақсартуға және ағзаны қалпына келтіруге ықпал ететін шунгит бөлмесі мен тұз шахтасы жабдықталған, бейімделген дене шынықтыру залы.
