
Балқаш қаласында мектеп оқушыларының экологиялық жобалары идея деңгейінен нақты іске асып отыр. Оқушылар педагогтармен бірге «ақылды» жылыжайлар, зерттеу зертханалары және экологиялық мониторинг жүйелерін құрастыруда. Бұл жүйелерде жасанды интеллект өсімдіктерді өсіруге көмектесіп, қоршаған орта жағдайын талдауға мүмкіндік береді.

Ақпан айында өткен Balkhash STEAM Serpini: Science Day фестивалінде қаладағы 15 мектептің командалары 19 STEAM-жобаны таныстырды. Байқау қорытындысы бойынша бес жобаға 1,5 миллион теңгеден грант бөлініп, оларды жүзеге асыру мүмкіндігі берілді.

Жеңімпаздардың бірі — №12 жалпы білім беретін мектеп. Мұнда Smart Greenhouse атты инновациялық агротехнологиялық зертхана ашылған. Жоба аясында STEAM-кабинет толық жаңғыртылып, арнайы сөрелер, LED жарықтандыру жүйесі, ауа баптау және ылғалдандыру құрылғылары, сондай-ақ жасанды интеллект элементтері бар жабдықтар орнатылған.

«Ақылды» жылыжай жыл бойы пестицидтерді қолданбай микрожасыл өсімдіктер өсіруге мүмкіндік береді. Мұнда оқушылар биология, инженерлік технологиялар және IT бағыттарын тәжірибе жүзінде меңгеріп, гидропоника әдісімен және заманауи өсіру технологияларымен танысады. Жасанды интеллект микроклиматты, суаруды және өсім жағдайын толық бақылауда ұстайды.
— Жобаны іске қосқаннан кейін оқушылар облыстық және республикалық экологиялық байқауларға белсенді қатыса бастады. Олардың экологияға деген саналы көзқарасы және нақты шешім ұсынуға ұмтылысы ерекше қуантады, — деді жобаның жетекшісі, биология пәнінің мұғалімі Сания Көкіш.

Тағы бір жоба №1 мектепте жүзеге асырылуда.

Мұнда EcoPulse жобасы негізінде «Экокупол» атты жаңа буын шағын зертхана ашылған.

Бұл — мектеп ортасын бақылауға арналған заманауи STEAM алаңы.

Оқушылар датчиктердің көмегімен температура, ылғалдылық, ауа сапасы, жарық деңгейі және шу көрсеткіштерінің оқу үдерісіне әсерін зерттейді.

Жүйе деректерді нақты уақыт режимінде жинап, жасанды интеллект оларды талдап, микроклиматты жақсартуға арналған ұсыныстар әзірлейді.

— Біз технологиялардың білім беру ортасын барынша қолайлы әрі қауіпсіз ете алатынын көрсеткіміз келеді. Жоба оқушылардың зерттеушілік қабілетін дамытып, цифрлық сауаттылығын арттырады әрі деректермен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырады, — деді жоба жетекшісі Светлана Харламова.

Balkhash STEAM Serpini жобасы 2024 жылдың тамыз айынан бері «Коунрад» қорының бастамасымен Еуразиялық Орталық Азия қорының қолдауымен жүзеге асырылып келеді.

Осы уақыт ішінде жоба мектептерді, педагогтарды, оқушыларды және әлеуметтік серіктестерді біріктіріп, STEAM-білім беруді дамыту мен заманауи технологияларды оқу ортасына енгізудің маңызды алаңына айналды.
