
Қарағанды облысында шұғыл медициналық көмектің инфрақұрылымын жүйелі түрде нығайту жұмыстары жалғасуда. Бұл бағыттағы кешенді шаралар аясында өткен жылы жедел жәрдем қызметінің автопаркі жаңартылып, 113 заманауи санитарлық көлік сатып алынған болатын. Ал биыл әлеуметтік маңызы бар жаңа нысандарды іске қосу жұмыстары жалғасын тапты.

Соның нәтижесінде Саран қаласында заманауи модульдік жедел жәрдем қосалқы станциясы ашылды. Ол қала тұрғындары мен оған іргелес елді мекендерді қоса алғанда, шамамен 47 мың адамға жедел медициналық көмек көрсетеді.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев халық денсаулығын қорғау әрдайым мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті.

— Саран қаласы қарқынды дамып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл – моноқалалар тізімінен шыққан еліміздегі алғашқы қала. Экономикалық аймақтың белсенді дамуы халық санының артуына ықпал етіп отыр, сондықтан біз қала тұрғындары үшін қажетті әлеуметтік инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытып келеміз, — деді Ермағанбет Булекпаев. — Бүгін біз жаңа жедел жәрдем стансасын аштық, ол өз жұмысын бастап кетті.

Жаңа қосалқы станцияның ғимараты кең, функционалды әрі қызметкерлердің жұмысына толық бейімделген.

Мұнда жедел медициналық көмек бригадалары үшін де, шақыртулар арасындағы демалыс үшін де барлық қажетті жағдай жасалған.

Диспетчерлік қызмет заманауи техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген, қызметкерлердің жайлылығы үшін жылы еден жүйесі орнатылған. Сондай-ақ аға фельдшер мен шаруашылық мейірбикесінің жұмыс кабинеттері толық жабдықталған.

– Мен жедел жәрдем қызметінде 35 жылдан бері еңбек етіп келемін. Осы уақыт аралығында біздің ешқашан өз алдына жеке ғимаратымыз болған емес. Біз үнемі ауруханалардың жанында немесе қызмет қажеттілігіне бейімделген жалдамалы ғимараттарда орналастық. Қосалқы станса қаланың орталығында орналасқан, бұл науқастарға жедел жетуге мүмкіндік береді. Мұнда қызметкерлер үшін барлық жағдай жасалған: жарық әрі жылы кабинеттер, демалыс бөлмелері, диспетчерлік бөлім, жылы едендер мен кондиционерлер орнатылған ас қабылдау бөлмесі бар. Күніне бізде төрт бригада жұмыс істейді. Әрқайсысына 17–18 шақыртуға дейін келеді. Заманауи, кең әрі жайлы қосалқы стансада еңбек ету — біз үшін үлкен қуаныш, – деді Саран қаласының жедел жәрдем қосалқы стансасының меңгерушісі Раиса Бизяева.
