
19–20 маусым күндері Балқаш қаласындағы Ақшағыл (Рембаза) ауданында дәстүрлі Balkhash Tour Fest фестивалі өтеді. Қарағанды облысындағы ең ірі жазғы шаралардың бірі көл жағасында биыл төртінші рет ұйымдастырылмақ.
Биыл фестиваль қонақтарының алдында Miras Zhugunussov, AYAU, Bellucci, Domino, Nurlan & Murat және Qazaq Band өнер көрсетеді.
Дәстүр бойынша фестиваль екі күнге созылады. Келушілер үшін концерттік бағдарламамен қатар түрлі тақырыптық алаңдар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, спорттық және шығармашылық аймақтар, фудкорт, балалар алаңы және қолдан жасалған бұйымдар ұсынылатын қолөнершілер жәрмеңкесі жұмыс істейді.
Өткен жылы Balkhash Tour Fest фестиваліне шамамен 50 мың адам келген. Фестивальдің ең жарқын оқиғаларының бірі — балқаштық аспаздардың салмағы 53 келі болатын қазыбургер дайындап, рекорд орнатуы еді. Оның басты ингредиенті дәстүрлі қазы болған. Сонымен қатар қонақтардың есінде жарқын автокросс, отты шоу және жарық-музыкалық қойылымдар ерекше сақталды.
Әзірге ұйымдастырушылар фестивальдің толық бағдарламасын құпия ұстап отыр. Алайда қонақтарға биыл да тың тосынсыйлар әзірленіп жатқаны айтылды.