«Мәдениеттер тоғысы» жобасы Қарағанды кітапханасына халықаралық байқауда жеңіс әкелді

«Мәдениеттер тоғысы» жобасы Қарағанды кітапханасына халықаралық байқауда жеңіс әкелді

Қарағанды облыстық Абай атындағы балалар кітапханасы халықаралық «Рудомино сыйлығы» байқауында жеңіске жетті. Кітапхана «Мәдениеттер тоғысы» жобасы үшін марапатталды. Сарапшылар бұл бастаманы үздік жобалардың бірі деп танып, «Кәсіби қауымдастық таңдауы» номинациясына лайық деп бағалады.

Жоба 2024–2025 жылдары жүзеге асырылып, түрлі елдердің мәдениеті, әдебиеті, тілдері мен дәстүрлеріне арналды. Осы уақыт аралығында кітапханада Италия, Жапония, Қытай, Үндістан, Германия, Бразилия, Түркия, Англия және Франция мәдениетінің апталықтары өтті.

Байқауды М. И. Рудомино атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік шетел әдебиеті кітапханасы ұйымдастырды. Биыл сыйлыққа Ресейдің әртүрлі қалаларынан, сондай-ақ Қазақстан, Беларусь және Қырғызстаннан 26 жоба ұсынылған. Жеңімпаздарды ТМД елдерінің кітапхана саласының мамандары анықтады.

Марапаттау рәсімі Екатеринбург қаласында Бүкілресейлік кітапхана конгресі аясында өтті. Қарағанды облыстық Абай атындағы балалар кітапханасының басшысы Баян Уатаева қазылар алқасы мүшелерінің арнайы дипломы мен сыйлығын иеленді.

«Мәдениеттер тоғысы» жобасының жүзеге асуына үлес қосқан барлық достарымыз бен серіктестерімізге, бастамаларымызды қолдаған жандардың бәріне алғыс айтамыз», — деп атап өтті кітапхана ұжымы.