
Қарағандыда «Цифрландыру және жасанды интеллект» тақырыбында облыстық жастар форумы өтті. Ауқымды басқосу өңірдің белсенді жастарын, IT-сала мамандарын, волонтерлер мен жас әзірлеушілерді бір алаңға тоғыстырып, цифрлық технологиялардың дамуы мен жасанды интеллекттің қоғамдағы рөлін кеңінен талқылауға мүмкіндік берді.

Форум барысында қатысушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көтерілген бастамаларға ерекше назар аударды. Соған сәйкес, биылғы жылдың цифрландыру мен жасанды интеллектті дамытуға арналып жариялануы жастардың жаңа технологияларға деген қызығушылығын одан әрі арттырғаны атап өтілді.

Шара TED-X форматында ұйымдастырылып, цифрлық шешімдер, инновациялар мен стартап жобалар бағытында бірқатар мазмұнды баяндамалар ұсынылды. Жас зерттеушілер мен IT-әзірлеушілер өз жобаларын таныстырып қана қоймай, пікір алмасу алаңдарында тәжірибе бөлісті, сондай-ақ тақырыптық конкурстарға қатысты.

Форумның ұйымдастырушысы — «Ауыл» партиясының Қарағанды облыстық филиалы.
«Ауыл» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жақыпбек Ануарбеков цифрлық дәуірдің жастар үшін жаңа мүмкіндіктер кеңістігін ашатынын атап өтті.
— Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар бүгінде болашақтың емес, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Ең маңыздысы — жастар тек тұтынушы емес, жаңа идея тудырушы, технология жасаушы тұлғаға айналуы қажет. Осындай форумдар олардың әлеуетін ашып, үлкен бастамаларға жол сілтейді, — деді ол.
Республикалық «Auyl Jastary» жастар қанатының волонтері Расул Мурат форумның маңыздылығына тоқталды.
— Бұл мен үшін жай ғана шара емес, үлкен өзгерістерге бастар жол. Бүгінде жастардың IT мен жасанды интеллектке қызығушылығы артып келеді. Ең құндысы — осындай бастамаларға қолдау көрсетіліп, өз идеяларымызды жүзеге асыруға мүмкіндік беріліп отыр, — деді ол.

Форум аясында қатысушылар цифрландырудың түрлі салалардағы келешегі, жастар стартаптарын қолдау тетіктері және жаңа цифрлық экономикаға қажет білікті мамандарды даярлау мәселелерін жан-жақты талқылады.