
Qarmet Теміртауда жаңа сортты илемдеу кешенінің құрылысын белсенді кезеңге шығарды. Құрылыс алаңында алғашқы металл тіреу орнатылды — бұл жобаның негізгі кезеңдерінің бірі әрі болашақ өндірістік цех қаңқасын қалыптастыру жұмыстарының нақты басталғанын білдіреді.

Жаңа кешен металлургиялық комбинатты ауқымды жаңғырту бағдарламасының бір бөлігіне айналып, компанияға жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңа сортты илемдеу цехының жобалық қуаты жылына 540 мың тоннадан астам өнім шығаруға есептелген. Мұнда А600 және А1000 маркалы жоғары берікті арматура, сондай-ақ Қазақстанда да, шетелдік нарықтарда да сұранысқа ие болатын металл өнімдерінің жаңа түрлері, соның ішінде бұрыштық профильдер мен швеллерлер өндіру жоспарланып отыр.

Құрылыс Qarmet компаниясының өндірісті технологиялық тұрғыдан жаңғырту, тиімділікті арттыру және заманауи қайта өңдеу бағыттарын дамыту стратегиясы аясында жүзеге асырылуда. Жобаны іске асыру компанияның құрылысқа арналған металл илемі нарығындағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Qarmet бір мезетте бірнеше ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. Олардың қатарында №8–9 кокс батареяларының құрылысы, ыстықтай мырыштау және полимерлік жабындар жағу бойынша жаңа желіні іске қосу, сондай-ақ заманауи құю-илемдеу кешенінің құрылысы бар.