Қарағанды облысында травматологтар жылына 10 мыңнан астам ота жасайды

Қарағанды облысында травматологтар жылына 10 мыңнан астам ота жасайды

Дүниежүзі бойынша 20 мамыр күні травматологтар күні атап өтіледі. Бүгінде Қарағанды облысының ауруханалары мен емханаларында 100-ден астам травматолог-дәрігер еңбек етеді. Олар жыл сайын 10 мыңнан астам ота жасайды. Олардың жұмысына заманауи технологиялар мен жоғары технологиялық жабдықтар үлкен көмек көрсетіп отыр.

Өңір мамандарын кәсіби мерекемен профессор Х. Ж. Мақажанов атындағы көпбейінді аурухананың директоры Еркін-Дәуір Құрманғалиев пен Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы құттықтады.

Еркін-Дәуір Құрманғалиевтің айтуынша, соңғы жылдары травматология саласы айтарлықтай өзгеріске ұшыраған.

— Пациенттердің тезірек қалпына келуіне мүмкіндік беретін технологиялар көбейіп келеді. Бұл травматологтардан жаңа дағдыларды меңгеруді және үздіксіз кәсіби дамуды талап етеді. Көптеген үдерістер автоматтандырылып, заманауи емдеу әдістері белсенді енгізілуде. Бүгінде науқастар 20–30 жыл бұрынғыдай жылдар бойы гипсте жатпайды. Ең бастысы — адамдардың сауығып кетуі мен емнің оң нәтижесін көру, ол бірден байқалмаса да, үлкен шабыт береді, — деді ол.