
Теміртауда металлургия бойынша халықаралық олимпиада өтті. Байқау Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден келген 16 команданы біріктірді. Сайыс алаңдары ретінде Теміртау жоғары политехникалық колледжі мен Қарағанды индустриялық университеті белгіленді.

Олимпиаданың басты ерекшелігі — оның тәжірибелік форматта өтуі. Қатысушылар тек тест тапсырмаларын орындап қана қоймай, нақты өндірістік үдерістерге барынша жақын тапсырмаларды да атқарды: болат балқытып, оны құю, виброелек жұмысына талдау жасау, материалдардың фракциясын анықтау және минералдарды жасанды интеллект көмегімен зерттеу.

Жарыс екі кезеңнен тұрды. Бірінші — теориялық кезеңде студенттер балқыту пешінің 3D-атласымен және металлургиялық кәсіпорынның жұмысын модельдейтін арнайы тренажерлік бағдарламалармен жұмыс істеді.

Екінші кезеңде қатысушылар практикалық дағдыларын көрсетуі тиіс болды. Әр командаға үш бағыттың бірі және соған сәйкес тапсырмалар жиынтығы берілді.

Теміртау жоғары политехникалық колледжінің командасына минералогиялық үлгілермен жұмыс жасау тапсырмасы түсті. Студенттер минералды дайындап, цифрлық микроскопия жасап, суретті жасанды интеллект жүйесіне жүктеп, минералдың түрін анықтауы қажет болды.

Команда бұл тапсырманы сәтті орындап, Ресей Федерациясынан келген Магнитогорск мемлекеттік техникалық университеті жанындағы көпсалалы колледж студенттерімен бірге бірінші орынды иеленді.

Екінші орынды Қарағанды индустриялық университеті мен «Қазақмыс» корпорациясының политехникалық колледжі командалары алды. Үшінші орын Ташкент мемлекеттік техникалық университеті мен Қырғыз мемлекеттік техникалық университетінің өкілдеріне бұйырды.

Олимпиаданың басты сыйлығы — цифрлық металлургия саласындағы практикалық дағдыларды жетілдіруге арналған VR-тренажёр болды. Оны жарыстың бас демеушісі SIKE компаниясы ұсынды.

— Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген қонақтар жабдықтарды және оқытудың тәжірибеге бағытталған тәсілін жоғары бағалады. Мұндай формат жоғары білікті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Біздің студенттер үшін де олимпиадаға қатысу маңызды әрі пайдалы тәжірибе болды, — деді Теміртау жоғары политехникалық колледжінің қара металдар металлургия кафедрасының меңгерушісі Ерлан Қызылбаев.