
Қарағанды облысында XI өңірлік WorldSkills Karaganda кәсіби шеберлік чемпионаты басталды. Байқауға өңірдегі 46 колледжден 376 студент қатысуда. Олар — ішкі іріктеулердің жеңімпаздары мен оқу орындарының үздік білім алушылары.

Чемпионат 17 жетекші колледждің базасында 58 құзырет (компетенция) бойынша өтуде. Бұл оқу орындары өңірдегі кәсіби құзыреттер орталықтары болып табылады.

Қатысушылар техникалық мамандықтардан бастап қызмет көрсету саласына дейінгі түрлі бағыттарда өз шеберліктерін көрсетуде.

Биылғы жылы қатысушылардың жұмыстарын 50 тәуелсіз сарапшы бағалауда. Олардың қатарында облыстың ірі кәсіпорындары мен ұйымдарының өкілдері бар.

Биыл чемпионатқа байқаудан тыс Моңғолиядан келген студенттер де қатысуда. Олар аспаздық іс, дәнекерлеу, жабдықтарды техникалық қызмет көрсету және жөндеу, сондай-ақ плитка қалау мен сантехникалық жұмыстар бойынша бақ сынауда.

Атап айтқанда, «ҚТЖ» ҰК» АҚ мамандары, мейрамхана бизнесінің өкілдері, өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері және басқа да әлеуметтік серіктестер. Бұл жарыстың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етеді.

WorldSkills Karaganda чемпионатының басты мақсаты — жастардың кәсіби дағдыларын дамыту, талантты студенттерді қолдау және кадр даярлау сапасын халықаралық стандарттарға сай арттыру.

Байқау студенттерге өз білімдері мен тәжірибелік дағдыларын көрсетуге, жұмыс берушілермен танысуға және кәсіби жарыстарға қатысу тәжірибесін алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, WorldSkills колледждер мен өңір кәсіпорындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.

Қарағанды облысы 2014 жылдан бері WorldSkills халықаралық қозғалысына қатысып келеді және жыл сайын жоғары нәтижелер көрсетуде.

2024 және 2025 жылдардағы ұлттық чемпионаттардың қорытындысы бойынша өңірлік құрама 20 аймақтың ішінде жалпы командалық есепте үшінші орынды иеленді.
