Қарағандыда «Абай» операсының премьерасы өтеді: жоба консерваториямен бірлесіп жүзеге асуда

Қарағандыда «Абай» операсының премьерасы өтеді: жоба консерваториямен бірлесіп жүзеге асуда

Қарағандыда алғаш рет «Абай» операсы концерттік форматта орындалады. Бұл — Музыкалық комедия театры мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының бірлескен жобасы. Өткен жылы екі ұжым достық және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Жаңа қойылым шығармашылық серіктестіктің нәтижесіне айналды: консерватория түлектері Қарағанды театрының сахнасында өздерінің дипломдық жұмысын ұсынады.

Көрермендер премьераны 29 мамыр күні сағат 18:30-да Кеншілер мәдениет сарайында тамашалай алады.

Театр өкілдерінің айтуынша, қойылымның басты ерекшелігі — оның концерттік форматта ұсынылуында. Көрермендер музыка мен орындаушылардың дауысын терең сезініп, қазақ музыкалық мәдениетінің ең ірі туындыларының бірінің эмоциялық қуатын толықтай қабылдай алады.

Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди 1944 жылы жазған «Абай» операсы қазақтың халықтық әуендерін еуропалық музыкалық дәстүрлермен үйлестірген шығарма саналады. Консерватория түлектерінің, ҚАТМК хоры мен оркестрінің орындауында опера түпнұсқа тілінде шырқалып, көрермендерге ерекше музыкалық әсер сыйлайды.