Осакаров ауданындағы педагог Қазақстанның үздік IT-мұғалімдерінің үштігіне енді

Осакаров ауданындағы педагог Қазақстанның үздік IT-мұғалімдерінің үштігіне енді

Қарағанды облысының Осакаров ауданындағы информатика пәнінің мұғалімі Юрий Фёдоров CPFED Uzdik IT Ustaz спорттық бағдарламалау бойынша республикалық олимпиадасында қола жүлдегер атанды. Астанада Қазақстанның 17 өңірінен келген 34 педагог бақ сынады.

Қарағанды облысының намысын Бұқар жырау ауданындағы Токарев тірек мектебінің мұғалімі Андрей Арцыбашев пен Осакаров ауданындағы № 9 гимназия базасындағы тірек мектептің педагогі Юрий Фёдоров қорғады. Олимпиада қорытындысы бойынша Юрий Фёдоров қола медаль иеленді.

Педагогтің айтуынша, ол оқушылардың бағдарламалауға деген қызығушылығын сабақтар мен олимпиадаларға дайындық арқылы арттыруға тырысады.

— Мектепте алты жылдан бері жұмыс істеп келемін және өз ісімді шын мәнінде жақсы көремін. Өз бастамаммен дарынды оқушыларды іріктеп, оларға бағдарламалауды тереңдетіп оқуды ұсынамын. Шәкірттерімнің арасында өте мықты балалар бар, — дейді Юрий Фёдоров.

Жарысқа педагог өз тәрбиеленушілерімен бірге дайындалған. Мұғалім мен оқушылар күрделі алгоритмдік есептерді талдап, олимпиадалық деңгейдегі тапсырмаларды шешуге жаттыққан.

— Олимпиададан кейін балалар бірден хабарласып, жарыста қандай тапсырмалар болғанын сұрай бастады. Оларға бәрін менімен бірге талдап шығу қызық болды. Әрине, олар мені жеңісіммен құттықтады. Нәтижемнің байқалып, бағаланғаны өте қуантады, әсіресе биыл қатысушылардың деңгейі өте жоғары болғанын ескерсек, — деп бөлісті педагог. — Олимпиаданың деңгейі жыл сайын өсіп, бәсекелестік те күшейіп келеді.

Юрий Фёдоров бұл олимпиадаға өткен жылы да қатысып, қола жүлдегер атанғанын атап өтті.

Қазір педагог келесі оқу жылында өтетін жаңа олимпиадалар мен жарыстарға дайындалып жатыр.