Қарағандылық Аида Тойшыбекова дзюдодан өткен Qazaqstan Barysy Grand Slam халықаралық турнирінде қола жүлдеге ие болды

Қарағандылық Аида Тойшыбекова дзюдодан өткен Qazaqstan Barysy Grand Slam халықаралық турнирінде қола жүлдеге ие болды

Қарағандылық дзюдошы Аида Тойшыбекова Qazaqstan Barysy Grand Slam халықаралық рейтингтік турнирінің қола жүлдегері атанды. Бұл жарыс Халықаралық дзюдо федерациясының ресми күнтізбесіне енгізілген және әлемдік маусымдағы ең беделді турнирлердің бірі саналады. Турнир қорытындысы бойынша Қазақстанның дзюдодан ұлттық құрамасы жалпы командалық медаль есебінде үздік үштікке енді.

Биыл Астанадағы татамиге 36 елден келген 295 спортшы шықты. Бұл турнирдің маңызы ерекше, өйткені оның нәтижесі бойынша 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарының жолдамасына таласқа қажетті рейтингтік ұпайлар беріледі.

Аида Тойшыбекова +78 келі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Спортшының айтуынша, турнир оңай болған жоқ, алайда мұндай деңгейдегі жарыстарда жеңіл белдесу болмайды.

— Белдесулер өте тартысты өтті. Қарсыластардың барлығы мықты әрі тыңғылықты дайындалған. Тәжірибелі спортшылармен күресуге тура келді, әр кездесу барынша жинақылық пен толық күш салуды талап етті, — дейді спортшы. — Жеңіске жету үшін кей сәттерде сенімділік, ал шешуші кезеңдерде тәжірибе мен сабырлылық сәл жетіспеген шығар. Дегенмен мұндай жарыстар үлкен тәжірибе беріп, одан әрі көп еңбек етуге жігерлендіреді.

Қазақстан құрамасы сапында Қарағанды облысының намысын сондай-ақ 90 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Ақжол Дүйсенбаев пен 100 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Асқар Біржанов қорғады.