
Қымыздың аңқыған хош иісі, күмбірлеген домбыра үні, қолөнер бұйымдары көмкерген көрме қатарлары мен тігілген ақ шаңқан киіз үйлер — биыл жазда Қарқаралы қазақтың бай мұрасы мен салт-дәстүрін дәріптейтін үлкен мерекенің ордасына айналмақ. Қарағанды облысында алғаш рет ұлттық тағамдарға арналған «BaiQymyz» өңіраралық гастрофестивалі өтеді. Ауқымды шара қазақтың дархан даласының символына айналған қасиетті сусын — қымызға арналады.
Фестиваль қымыз өндірушілерді, жылқы ұстаушыларды, қолөнершілер мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлерін бір алаңға тоғыстырады. Оған Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарынан, сондай-ақ Қарағанды өңірінің барлық ауданынан 30-ға жуық қымыз өндіруші қатысады деп жоспарлануда. Қонақтар ұлттық сусыннан дәм татып қана қоймай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан дәстүрдің терең тағылымын сезіне алады.
Фестивальдің басты оқиғасы — «Үздік қымыз» байқауы. Қатысушылар отбасылық мұра ретінде сақталған және өңірлік ерекшелікке негізделген қымыз түрлерін ұсынады. Жеңімпаздар бірнеше талап бойынша анықталады. Байқаудың жалпы жүлде қоры 10 миллион теңгені құрайды. Үш негізгі жүлделі орыннан бөлек, арнайы аталымдар да қарастырылған.
Жалпы, «BaiQymyz» жобасы ұлттық мәдениет пен тарихты, сондай-ақ этнотуризмге деген заманауи қызығушылықты ұштастыруды көздейді. Ұйымдастырушылар қымыз дайындау дәстүрі арқылы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіндегі жылқы шаруашылығының айрықша орнын танытып, ауыл және агротуризмнің әлеуетін паш етпек.
Қонақтарды мұнда тек гастрономиялық мереке ғана емес, мазмұнды мәдени бағдарлама да күтеді. Фестиваль аясында жылқы тұқымдарының көрмесі, ат әбзелдерінің экспозициясы, Қарағанды облысы суретшілерінің туындылары мен халық шеберлерінің қолөнер бұйымдары таныстырылады. Сонымен қатар ұлттық ойындар ұйымдастырылып, мәдени-спорттық бағдарламалар мен қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді. Фестиваль туралы өзекті ақпаратты ұйымдастырушылардың Instagram желісіндегі baiqymyz_qarqaraly парақшасынан білуге болады.
Өткен жылы «BaiQymyz» фестивалі алғаш рет Астанада ұйымдастырылып, 70 мыңға жуық көрерменнің басын қосқан болатын. Сол кезде қонақтарға 30 тонна қымыз ұсынылып, бұл көрсеткіш Қазақстан рекордтар кітабына енді. Фестивальге деген қызығушылық ел аумағынан асып, шараны әлемнің 15-тен астам елінің журналистері назарда ұстады.
Биылғы этнофестиваль 6 маусым күні Қарқаралы төрінде өтеді.