
Қарағандыда Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрының гастрольдік сапары өтеді. Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының сахнасында көрермендерге Шыңғыс Айтматов шығармасының желісі бойынша қойылған «Шынарым менің, шырайлым менің» лирикалық драмасы ұсынылады.

Қойылымның негізінде ауыл қызы Әсел мен жүргізуші Ілиястың махаббат хикаясы жатыр. Қырғыз даласында болған кездейсоқ кездесу кейіпкерлердің тағдырын өзгертеді: айналасындағылардың қарсылығына қарамастан, олар шаңырақ көтеріп, сәби сүйеді. Алайда уақыт өте келе олардың қарым-қатынасы ауыр сынақтарға тап болады.
Спектакльде махаббат, адалдық, сатқындық және адамның өз таңдауы алдындағы жауапкершілігі тақырыптары көтеріледі.
«Бұл — бір кездері бақыт тапқанымен, оның қадірін дер кезінде түсіне алмаған жандар туралы оқиға. Әсел мен Ілиястың тағдыры арқылы көрермен сенім мен адалдықтың қаншалықты нәзік болатынын көреді. Қойылым махаббаттың тек сезімді ғана емес, ішкі кемелдікті де талап ететінін ой елегінен өткізуге жетелейді», — дейді гастроль ұйымдастырушылары.
Қойылым авторлары спектакльдің терең психологиялық иірімдерімен, әсерлі сахналық шешімімен және кейіпкерлердің ішкі жан дүниесіне ерекше назар аударылуымен ерекшеленетінін атап өтеді. Айтматов прозасының атмосферасын диалогтар, музыкалық көркемдеу және сахналық кеңістік айқын жеткізеді.

Спектакль 19 мамыр күні сағат 18:00-де көрсетіледі.
Фото: Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театры