
Теміртау техникалық колледжінде екі заманауи оқу-өндірістік зертхана ашылды. Жаңа алаңдар студенттерді «Дәнекерлеу технологиялары» және «Электроника» құзыреттері бойынша даярлауға арналған. Өнеркәсіптік кәсіпорындармен жасалған меморандумдардың арқасында колледж түлектері өндіріс орындарына жылдамырақ жұмысқа орналаса алады.

Зертханалар кадр даярлаудың заманауи талаптары мен WorldSkills стандарттарына сәйкес жабдықталған.

Электроника зертханасында бағдарламалау мен модельдеуге арналған қуатты ноутбуктер, антистатикалық қорғанысы бар монтаж үстелдері, дәнекерлеу станциялары мен түтінсорғыш құрылғылар, цифрлық микроскоп және үстелдік осциллограф орнатылған. Сондай-ақ мұнда микроконтроллерлер мен электроника бойынша оқу стендтері мен заманауи оқу құралдары бар.

Дәнекерлеу зертханасы толықтырылған шынайылық технологиялары бар дәнекерлеу симуляторымен, MIG/MAG және MMA дәнекерлеу посттарымен, TIG аргонды-доғалы дәнекерлеу жабдықтарымен, ауа-плазмалық кесу қондырғысымен, дәнекерлеу үстелдерімен және демонстрациялық экрандармен жабдықталған.

— Шеберхананың жабдықталуы студенттерді өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау талаптарын сақтай отырып, дәнекерлеу өндірісінің заманауи технологияларына үйретуге мүмкіндік береді. Бүгінде өңірде білікті дәнекерлеушілер тапшылығы сақталып отыр. Сондықтан біз бұл мамандықты белсенді түрде дамытып, оқыту стандарттарын жетілдіріп, кәсіптің тартымдылығын арттырудамыз. Материалдық-техникалық базаның жаңартылуы мен кәсіпорындармен ынтымақтастықтың арқасында жас мамандар жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болса, жұмыс берушілер даярланған кадрлармен қамтамасыз етіледі, — деді колледж директоры Нұрлан Жақсыбеков.

Жаңа зертханаларда күн сайын сабақтар, зертханалық және өндірістік тәжірибелер өтеді.

Сонымен қатар бұл алаңдарды студенттерді WorldSkills секілді кәсіби байқауларға даярлау, демонстрациялық емтихандар өткізу және жұмыс берушілермен бірлескен біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру үшін пайдалану жоспарланып отыр.

Колледж сондай-ақ өңірдің металлургия, құрылыс және өндіріс салаларындағы өнеркәсіптік кәсіпорындармен және әлеуметтік серіктестермен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.

Жаңа серіктестер қатарында «ТеміртауЭлектроМонтаж», WELDING COMPANY және «DOSTI компаниялар тобы» ғылыми-өндірістік бірлестігі бар.

— Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары — дуалды оқытуды дамыту, студенттердің өндірістік тәжірибесін ұйымдастыру, жұмыс берушілердің білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысуы және сұранысқа ие техникалық құзыреттер бойынша мамандарды бірлесіп даярлау. Мұндай өзара байланыс түлектердің жұмыс табуын жеделдетсе, кәсіпорындарға заманауи талаптарға сай мамандар алуға мүмкіндік береді, — деп атап өтті Нұрлан Жақсыбеков.