
Талдықорғанда өткен жүзуден Қазақстанның жазғы чемпионатында қарағандылық жүзуші Ксения Игнатова Қазақстанның жаңа рекордын орнатты. Додаға еліміздің 17 өңірінен келген құрама командалармен қатар Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан спортшылары қатысты. Жалпы саны 372 спортшы бақ сынады.

Жарыстың алғашқы күнінде-ақ Қазақстанның екі жаңа рекорды тіркелді. Ақтөбе облысының өкілі Глеб Коваленя 50 метрге еркін жүзу қашықтығында үздік нәтижені жаңартты. Ал Қарағанды облысының жоғары спорт шеберлігі мектебінің спортшысы Ксения Игнатова 200 метрге кешенді жүзуде 2:17,40 нәтижесін көрсетіп, Қазақстанның жаңа рекордын орнатты.

Сонымен қатар спортшы арқамен жүзу бойынша 50, 100 және 200 метр қашықтықтарда алтын медаль жеңіп алды. Ксенияны жаттықтырушы — Станислав Осинский.
— Бұл рекордты жаңартуға көптен бері талпынып жүрдім, бірақ сәті түспей келді. Бұл жолы дұрыс дайындық, өз-өзіме деген сенім, сондай-ақ бапкерлер мен жанкүйерлердің қолдауы көмектесті. Негізгі мақсатым — ұлттық құрамаға ену еді, оны орындадым. Енді Азия ойындарына дайындалып, бар мүмкіндігімізді көрсетуге күш саламыз, — дейді спортшы.

Өткен чемпионат World Aquatics халықаралық күнтізбесіне енгізілген және 2026 жылдың желтоқсанында Қытайда өтетін қысқа бассейндегі (25 м) әлем чемпионатына, сондай-ақ күзде Сенегалда ұйымдастырылатын жасөспірімдер Олимпиада ойындарына іріктеу әрі рейтингтік жарыс болып саналады.
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойынша